Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. 195 жылдық тарихы бар Көкшетау қаласы бұрын-соңды мұндай жөндеу көрмеген! Жылдап атқарылатын жұмыстар араға ай салмай аяқталып жатыр. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық форумына дайындық үстіндегі Көкшетау қаласы туралы шынайы шындық.
Бүкіл қала бір деммен тыныстағандай. Қала, өңір тұрғындары облыс орталығының осыншама түлеп, түрленіп шыға келуіне тамсана қуанып, құрылысшылар екпініне тілеулестік білдіруде.
Сонымен, Көкшетауда не өзгерді? Алдымен, шаһардың етегін шайып, іргелес орналасқан Қопа көлін жағалай орналасқан, бұдан жүз жыл бұрын салынған ескі үйлер тұрғындардан сатылып алынып, сүріліп тасталды. Сөйтіп, құлазыған жағалауға жарқыратып көлік жолы, волосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге жол салынып, пирс жасалып, жайлы жағажай құрылып, небір ойын алаңдары – балаларға, спортшыларға арналған алаңдар, футбол, баскетбол, скейтборд алаңдары қойылып, түн серіпкен самаладай жарықтар орнатылып дүр сілкініп шыға келді!
Көкшетау көлді қоршай орналасқан еліміздегі бірден-бір қала еді. Тек, шындығы, соны пайдалана алмай келген. Әлгі ескі үйлерді сүрудің тағы бір пайдасы бар. Олардың тұрмыс-тіршілікте пайдаланған қалдық сулары көлге ағуы салдарынан көл суы ластанып, тиіп тұрған көлге түсу мүмкін болмаған. Келер жазда ондай кедергі тоскауыл болмас. Қазір, әлі құрылысы толық аяқтала да қоймаған жағалауда тұрғындар толып жүр. Қала ішін қақ жарып ағатын Қылшақты өзені үстінен үш көпір түсті. Оларға алып келер М.Ғабдуллин көшесі, Н.Назарбаев даңғылы, жағалаудағы жаңа жол, қаланың басқа да күре жолдары, қалаға кіреберіс бәрі де жөнделіп, жарқырап тұр! Шағын қаланың тұрғындарына жүріп-тұру, қатынас бұрынғыдан да жеңілдеді, - дейді қала тұрғыны Талап Елемесұлы.
Дүкендер, сауда үйлері, әлеуметтік нысандар фасадтары қайта жаңғырды. Қала ішінде қаншама жаңа алаңдар, скверлер пайда болды. Отырғызылған гүлдер мен ағаштар сансыз! Бұл да көкшеліктердің көкейінде жүрген армандардың бірі. Жері құнарлы, жауыны жиі Көкшетау неге көк желекке малынып тұрмайды?! Соның да сәті енді түскендей.
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетауға дейінгі көк торғын жамылған Бурабайдың үстін басып өтетін жол баршаға белгілі. 300 шақырымдық жоғары талапқа сай керемет автобан. Енді сол аңқыма жолмен желдей есіп келген жолаушы астананың серігі, көркем қала Көкшетаудың есігіне ерекше әсер үстінде келіп кірмек!
Форумға дайындық кезеңінде салынған ең бір көрікті нысан «Болашақ сарайы» болмақ. Балалар мен жастардың білімін арттырып, таланттарын жетілдіріп, денсаулықтарын нығайтуға үлкен үлес қосатын тамаша ғимарттың салынуы үлкен-кішінің көңіліне қуаныш ұялатар жаңалық. «Болашақ сарайы» IT, экология және аграрлық бағыттарда ізденістерге жол ашпақ, вокал, вокалды-аспаптар, хореография, дыбыс жазу студиялары, электроника мен электротехника, математика, прогрессивтик ботаника, ауыл шаруашылығы салаларымен айналысуға үлкен мүмкіндіктер туады. Бассейндер, жаттығу залдары, әртүрлі секциялар жұмыс жасамақ, - дейді ардагер журналист Сайлау Көшкенұлы.
Екі ел арасындағы ғасырларға жалғасқан ұлы достық жалауын желбіретер форумға Көкшетаудың дайындығын айтқанда, жасалып жатқан құрылыс жұмыстарынан басқа ғылыми, әдеби-мәдени шаралар өз алдына бір төбе.
Дәрежесі биік кездесуде қандай мәселе көтеріледі, әңгіме не жайында өрбиді? Сонау 2003 жылдан басталып, дәстүрге айналған, екі ел қатысуымен өтетін форум биыл бірінші рет территориясы шекараға тірелмейтін облыста өткелі отыр. Оған форум тақырыбы әсер еткен секілді: экология және көгалдандыру жөніндегі әріптестік. Ал, Ақмола облысының бұл тақырыпқа қосар үлесі мол.
Сексен көлді, көк шілтерлі Бурабайы, зерлі Зерен көлі, көк қарайы тұнған Зерендісі бар. Астанамыздың «жасыл белдеуін» де жүзеге асырып отырған Ақмола облысы. Ондай, соңғы жылдары ғана қолға алынып, қалың орманға айналған алқапты бүкіл Орта Азиядан іздеп таба алмайсыз! «Құмай» этнографикалық кешені, «Ботай» орталығы, ардақты хан Абылайдың алаңы, Хан көлі, Хан тағы, Ханның қызыл ағашы, Кенесары үңгірі сияқты көне тарих көздері де осында! Сақтап қалар орман-көл, киелі жер көп! Кеше қазақтың Шоқаны жүрген, Ақаны мен Біржаны, одан Мағжаны, Сәкені жырлаған Көкшетау!, - дейді халық мұраларын зерттеуші, өлкетанушы Мұсатай Ғалым.
Көкшетауда талданар тағы бір барша еліміз елеңдеп отырған тақырып – батыстағы Жайық өзенінің қамы.
Мұнайын атқылатып, газын жалаулатып дүйім жұртты асырап, ел қоржынына қомақты қаражат құюмен келе жатқан өңірдің жалғыз өзені – Жайық! Қазақтың әні мен жырына қосып, арманына балаған, сағынышы мен іңкәріне айналған киелі өзеннің бүгінгі жағдайы қиын. Жылдан жылға суы азайып, тартылып барады. Ол өңірдегі қай бір замандардарда Каспийге барып құятын Ойыл, Сағыз, Жемдердің әлдеқашан арнасы кепкен. Бастауында ғана бір көрініп, көп ұзамай құмға сіңеді. Ресейді көктей өтер Еділді айтпағанда, Оралдан бастап ағып, Каспийге құяр қазақтың жалғыз өзені сол- Жайық. Ал Жайық жарықтық та бастауын шағын өзендер, бұлақтар болып Ресей жерінен жинайды. Демек, сол бастаудағы мәселелер реттеліп, жүйеленіп, жанашырлықпен жөнге келтірілмесе, біз сол жалғыз Жайығымыздан айрыламыз. Ауыз су да, суармалы егістікті жайқалтып отырған да Жайық қой... Іргелес, шекаралас екі елдің бірлесе шешер басқа да экологиялық мәселелері толып жатыр. Қордаланған мәселелерді шешудің негізгі жолы екі елдің әрқашан дос болуы, ниеттес болуы, - дейді тарихшы Аманай Сейітқасымов.
Шекарасы қиылысып жатпағанмен Ақмола облысы мен Ресей арасы қашық емес. Сәйгүлігіңізді сипай қамшылап 300 шақырым желсеңіз Омбыға жетесіз. Шындығында, Түмен, Томск, Новосібірлер де бүгінгі заманның ат-көлігіне көп қашық емес. Содан да жаз бойы Бурабай мен Зерендіге ресейліктер демалуға көптеп келеді. Суға түсіп, балық аулап, жидек теріп, айлап жатады. Ешкімде ешқандай тосырқау, жатырқау жоқ. Ал осы көршілес облыстардың әдеби, мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастарын осындай дәрежелі форумдардың жүйелеп, жетілдіре түсері сөзсіз ғой.
Сонымен, Көкшетау дәрежелі, мәртебелі қонақтарын күтуге дайын. Көрші елмен үнемі жарасымды сыйластық, достық қарым-қатынас болып, проблемалар тізе қосылып, төл қаламыз атына заты сай болып тұрса нұр үстіне нұр емес пе?!