Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Коммуналдық энергия өндірушілерге бөлінетін субсидияға салық салу тоқтатылмақ

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин коммуналдық энергетика саласындағы фискалдық және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі салық нормалары мемлекеттік қолдаудың тиімді игерілуіне кедергі келтіріп отыр.

Ұсынылып отырған заң жобасы коммуналдық энергетика саласындағы фискалды және экономикалық мәселелер кешенін шешу мақсатында әзірленді. Бүгінгі таңда электр энергиясын, су және жылу өндірумен бір мезгілде айналысатын коммуналдық энергия өндіруші ұйымға субсидия түрінде бөлінетін мемлекеттік қолдаудың елеулі бөлігі қарыздарды өтеуге жұмсалудың орнына салық төлемдері ретінде қайтадан бюджетке қайтарылады, – деді Жаңбыршин.

Депутаттың түсіндіруінше, салық кодексіне сәйкес субсидиялар кәсіпорынның табысы ретінде есептеледі, ал бұл олардан корпоративтік табыс салығын төлеуге міндеттейді.

2024 жылы республикалық бюджеттен аталған ұйымға бөлінген 5 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау қаражаты кәсіпорынның табысы ретінде есептеледі. Соның 20 пайызы, яғни 1 миллиард теңге корпоративтік табыс салығы ретінде қайтадан мемлекеттік бюджетке аударылады. Бұл мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі, – деп түсіндірді депутат.

Оның айтуынша, мұндай механизм субсидиялардың тиімділігін төмендетеді, ал бюджеттен бөлінген қаржы тек кредиторлық берешекті өтеу немесе кәсіпорынды дамыту мақсатында пайдаланылуы тиіс.

Сондықтан заң жобасының әзірлеушілері субсидияларды салықтан босатуды ұсынып отыр.

Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бөлінген қаржыны толық игеруге мүмкіндік береді. Заң жобасының нормалары тек электр энергиясын, су және жылу өндіруді қатар жүзеге асыратын және коммуналдық меншікке жататын энергия өндіруші ұйымға ғана қолданылады, — деді Жаңбыршин.

Өзгелердің жаңалығы