Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің көмір разрездерінен көмірді сату бағасы тұрақты болып қалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен көмір бағасының өсуіне жол бермеуді көздейтін меморандумға қол қойған ірі көмір өндіруші компаниялар өңірлердегі көтерме сатып алушыларға белгіленген бағамен жеткізеді.
Негізгі өндірушілер көмірді қандай бағамен сатады?
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес көмір өндіруші кәсіпорындардың, оның ішінде «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Қаражыра» АҚ, «Майкубен-Вест» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС орташа бағасы тоннасына 5 600 теңгені құрайды.
Оған қоса, тауар биржасында көмірді сату кезінде баға дәлізі белгіленеді. Онда көмір сатуға арналған өтінім бағасы базалық бағадан 98%-дан төмен және 102%-дан жоғары болмауы тиіс. Осылайша, бағаның нарықтағы ауытқу тетігі (бағаның өсуі және төмендеуі) көзделеді және сатып алушылардың сұранысы ескеріледі.
Мысалы, көмірге сұраныстың болмауына байланысты «Сат-Көмір» ЖШС мен «Кузнецкий разрезі» ЖШС өнімдерін сатпаған.
Неліктен көмір өндіруші компанияларда бағалар әртүрлі?
Көмір өндірудің өзіндік құны әр кәсіпорында әртүрлі. Өндірудің өзіндік құнына кен орнының тау-кен геологиялық жағдайлары, өндіру технологиясы, механикаландыру кешені, игеру жүйесі және басқа да факторлар әсер етеді.
Сондай-ақ, жабдыққа, электр энергиясына, отынға, әлеуметтік міндеттемелерге кететін және өзге де шығыстар көмір өндірудің құнына кіреді.
Неліктен өңірлерде көмір бағасы айтарлықтай жоғары?
Көмірдің бөлшек саудадағы бағасы оны сату, аймаққа жеткізу, жалға алу құнына, теміржол тұйықтарына, қызметкерлер жұмысына, көмірді түсіруге және тиеуге арналған техникаға кететін, сондай-ақ компаниялардың саудалық үстеме бағасына байланысты қалыптасады.
Көмірге бағаның өсуіне тоннасын 25 мың теңгеге дейін көтерген жергілікті жерлердегі «алыпсатарлар» әсер етіп отыр. Теміржол тұйықтарындағы көмірдің орташа бағасы тоннасына 13 мың теңге (Нұр-Сұлтан қаласы).
Биыл қандай себептерге байланысты көмір тапшылығы туындады?
Елімізде көмір тапшылығы жоқ және болмауы тиіс.
Жылу беру маусымына дайындық процестің әрбір қатысушысының өз құзыреті шеңберінде нақты және үйлесімді жұмысын талап етеді.
Көмір кәсіпорындары көмірдің қажетті көлемін өндіруге, ал теміржолшылар көмірді өңірлерге дер кезінде тасымалдауға жауапты.
Жергілікті атқарушы органдар тұтыну көлемін жоспарлауға, көмір сатып алуға арналған тендерлерді уақытылы өткізуге, сондай-ақ өз өңіріндегі көмір қорларын бақылауға міндетті.
ИИДМ жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес көмір өндіру және оны өңірлерге жеткізуді қадағалайды.
Еліміздің көмір өндіруші компаниялары 2021 жылдың 10 айында 89,3 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,4% (10 ай ішінде. 2020 жылы – 88,1 млн тонна).
Энергия өндіруші және өнеркәсіптік кәсіпорындардың өтінімдерін, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір жеткізуге өтінімдерді орындауда кідіріс жоқ.
ИИДМ көмірге деген тапшылық пен дүрлікпе сұранысты азайту үшін не істеп жатыр?
Қыркүйек айында ауа-райының күрт суытуына байланысты еліміздің орталық және солтүстік аймақтарында көмірге сұраныс артты.
Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ күзгі-қысқы кезеңде көмірді тиеп жөнелтуге деген өтінімдердің артуына орай жүк жөнелтушілерге жылжымалы құрамды уақытылы беру үшін «Қазтеміртранс» АҚ 16 мыңнан астам вагонмен қамтамасыз етті.
Көмірді сату кезінде халық арасында қолайсыз жағдайлар туғызбау үшін Министрлік көмір өндіруші кәсіпорындармен және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жылу беру маусымының басында әкімдіктерге коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын алдын ала шоғырландыру туралы ұсыныс берді.
Әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес 2021 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша жалпы жоспарға қатысты (2021 жылғы 1 мамырдан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін) көмір қорымен қамтамасыз ету көлемі: коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін - 97,4%, тұрғындар үшін - 93,9%.
2021 жылғы 6 қарашада министрлікте әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен халықты көмірмен қосымша қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша кеңестер министрлікте тұрақты түрде өткізіледі.
Нәтижесінде өңірлерге көмір жөнелту көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен толық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда.