"Көмектесуіміз керек". Олжас Бектенов Astana Hub стартап-жобаларымен танысты

20 Сәуір 2024, 15:31
536
Бөлісу:
"Көмектесуіміз керек". Олжас Бектенов Astana Hub стартап-жобаларымен танысты
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов ЭКСПО павильонында болып,, Astana Hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымын аралады, стартап-жобалармен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет басшысы Astana Hub инновациялық экожүйесін аралап көрді. Хабтың негізгі міндеттері – таланттарды тарту, оқыту, бизнесті дамытуға көмек көрсету және IT-технологиялар экспортын қолдау. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Tech Orda бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – 2025 жылға қарай 20 мың IT маманын даярлап шығару. Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам студент оқуын аяқтап, 2 мың стартап-жоба іске қосылды.

Astana Hub қатысушылары үшін қолайлы экожүйе құрылды. Қазақстанда сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеуден босатуды көздейтін арнайы салық режимі түріндегі преференциялар қолданылады. 

Сондай-ақ IT-компаниялар жұмыс орындарымен және серіктестік бонустармен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаражатты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Бүгінде Astana Hub-та өткен жылы 400 млрд теңге табыс тапқан 1400 IT-компания бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз 01EduSystem Француз әдістемесі бойынша өзара оқыту қағидаттарына негізделген, Орталық Азиядағы алғашқы ALEM ІТ-бағдарламалау мектебіне барды. Оқу процесі дарынды студенттердің бір-бірімен жобалары мен өзара қарым-қатынасына негізделген. Қазіргі уақытта Alem-де жергілікті және халықаралық компаниялар мен стартаптарда жұмыс істейтін 900-ден астам түлек бар.

Сонымен қатар Премьер-Министрге Car Parking Multiplayer жобасымен әлемге танымал, мобилді ойындар әзірлеу бойынша қазақстандық O’games студиясының жұмысы таныстырылды. 

Бүгінде ойын Азия, Еуропа және Америка елдерінде 100 млн-нан аса жүктеп алынған. Сондай-ақ Қазақстандағы Playrix мобилді ойындар әзірлеуші компанияның жобалары таныстырылды. Playrix мобилді ойындарды дамыту саласындағы әлемдік көшбасшы, компанияның өткен жылғы nf,scs $2,8 млрд-ты құрады.

Президент экономиканы цифрландыру шараларын күшейтуді және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеп берді. Мақсат – 2026 жылға қарай IT-қызметтер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемін кемінде $1 млрд деңгейінде қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш $529 млн-ды құрайды. Еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. Отандық IT мамандарымыз үздіктер қатарында және біз оларға жаңа серпінді өнімдер жасауға, IT-шешімдердің экспортын жеделдетуге көмектесуіміз керек, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өзгелердің жаңалығы