Колумбияның оңтүстігіндегі Путумайо департаментінде Hercules C-130 әскери-көлік ұшағының апатынан қаза тапқандар саны 34-ке жетті. Тағы 21 адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жергілікті билік пен БАҚ мәліметінше, апат салдарынан 77 адам жарақат алған, олардың 43-і Богота қаласына жеткізілген.
Колумбия әуе күштерінің қолбасшысы генерал Карлос Сильва Руэда оқиға орнына қосымша медициналық тікұшақтар мен құтқарушылар жіберілетінін хабарлады. Сонымен қатар, апат себептерін анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ Пуэрто-Легисамо маңында әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған. Куәгерлер түсірген видеода әуе кемесінің биіктікке жетпей төмендей бастағаны байқалады.
Оқиғаның нақты себептері әзірге белгісіз, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.