Колумбияда мектеп оқушыларын тасымалдап келе жатқан автобус жол апатына ұшырап, салдарынан кемінде 16 адам қаза тапты. Бұл туралы El Tiempo басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға Антьокия департаментінде, Сеговия муниципалитетіне апаратын жолда болған. Мектеп оқушыларын алып жүрген туристік автобус жүргізушінің басқаруынан шығып, шатқалға құлаған. Әртүрлі дереккөздерге сүйенсек, апат кезінде көліктің ішінде 35-тен 45 адамға дейін болған.
Антьокия департаментінің губернаторы Андрес Джулиан Рендон қазіргі уақытта 10-нан астам адамның қаза тапқаны және 20-дан астам адамның жарақат алғаны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін өңірдегі барлық медициналық мекемелер жұмылдырылған.
«Осы төтенше жағдайға байланысты бүкіл госпиталь кешені толықтай іске қосылды», — деп жазды губернатор Х әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Құтқару қызметтері оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр. Жарақат алған ондаған адам Сеговия және Ремедиос қалаларындағы медициналық мекемелерге шұғыл жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Апаттың нақты себептері анықталу үстінде. Билік өкілдері оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын бастады.