Венесуэланың қарулы күштері көшелерге броньдалған техниканы шығарды. Колумбия президенті Густаво Петро Венесуэладағы жағдайға байланысты БҰҰ мен Америка мемлекеттері ұйымының шұғыл отырысын өткізуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Петроның Х әлеуметтік желісіндегі жазбасына сілтеме жасап.
Қазір Каракасты бомбалап жатыр. Бұл – бүкіл әлем үшін дабыл, Венесуэлаға шабуыл жасалды. Зымырандармен соққы берілуде. Америка мемлекеттері ұйымы мен БҰҰ дереу отырыс шақыруға тиіс. Кеше ғана Колумбия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі атанды және дәл қазір шұғыл түрде жиын ұйымдастыруы қажет. Венесуэлаға қарсы агрессияның халықаралық-құқықтық негізін анықтау керек, – деп атап өтті ол.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Венесуэланың қарулы күштері президент резиденциясы маңындағы ауданда көшелерге броньды техниканы шығарған.
Хабарламаларға сәйкес, Каракасқа жасалған соққылар салдарынан Венесуэла қорғаныс министрінің үйі мен астанадағы порт атқылауға ұшыраған. Сондай-ақ Игуэроте азаматтық әуежайына да шабуыл жасалғаны айтылып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Венесуэла астанасында АҚШ-пен қарым-қатынастың шиеленісуі салдарынан жарылыстар болғаны туралы жаздық.