Медициналық жоспарлы тексеру кезінде сотталған әйелден сүт безі қатерлі ісігінің белгілері анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар қаласының 45 жастағы тұрғыны ұрлық жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығына шектеу жазасы тағайындалып, сотталған. Алайда есепте тұрғанда пробациялық бақылаудан жалтарып, жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін, оның жаза мерзімі бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.
2023 жылдың шілдесінде Абай облысының әйелдер колониясына жазасын өтеу үшін келді. Медициналық қызметкерлердің жоспарлы тексеруі кезінде мамандар сотталған әйелден сүт безі қатерлі ісігінің бар болуы мүмкін деп күдіктенді. Диагнозды растау үшін медицина қызметкерлері толық тексеруді бастады. Әйелдің диагнозы расталып, сол жылдың қазан айында Семей қаласының онкологиялық ауруханасында ота жасалды.
Мекеме бастығының сөзінше, отадан кейінгі кезеңде сотталған әйел химиотерапия мен сәулелік терапия алды. Тексерулер мен талдаулар үшін денсаулық сақтау ұйымдарына бірнеше рет шығарылды. Сонымен қатар жазасын өтеуші әйелмен колония психологтары жұмыс істеді.
Ол үлкен сынақ жолынан өтті. Онымен бірге біз де, жазасын өтеп жатқан сотталған әйелдер де оған алаңдадық. Қазіргі уақытта бәрі артта қалды. Ол мүлдем сау адамдай босатылып шықты. Біз енді оның ешқашан заңды бұзбайтынына сеніп, үміттенеміз, - деді ол.
Өз кезегінде сотталған әйел мекеме әкімшілігіне алғысын білдірді.
Мен мекеме әкімшілігіне, қамқорлығы мен көмегі үшін өте қатты ризамын. Қазір менің жағдайым әлдеқайда жақсы. Мен бұл ауруды жеңіп шықтым. Менің ойымша, алдағы уақытта бәрі жақсы болады. Мені үйде 12 және 10 жастағы екі ұлым күтуде. Енді осы қиындықтарды жеңе отырып, бізде мүлдем басқа өмір болатынына сенімдімін. Менің түсінгенім: бастысы - өмір сүруге деген ұмтылыс, - деп түйіндеді әйел.