Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Көліктің моторын көтеріп, 3 адамның жұмысын істейтін алып арманын айтты

10 Сәуір 2025, 09:14
3074
Бөлісу:
 Кейіпкердің жеке қорынан
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке қорынан

Атырау облысында алып адам тұрады. Арманы асқақ Парасат Нұрғалиевтің бойы 2 метр 15 сантиметр. Ал салмағы 150 келіге жетеді. Ерекше денелі тұрғын актер болуды армандайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

27 жастағы Парасат Нұрғалиев Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылында тұрады. Құрылыс саласында еңбек ететін оған ауыр материал мен жұмысқа қажетті 15-20 келілік ірі тастарды көтеру әсте қиын емес. Ауыр жұмыс десе сұранып-ақ тұрады. Өзі ауылдастарының көмекшісіне, қолқанатына айналған. 

Анамның айтуынша, дүниеге келгенде ешқандай ерекшелігім байқалған жоқ. Салмағым әдеттегі сәбилердікіндей болған. Бұл ерекшелігім кейін шықты. Бойыма бәрі қарап, қызығады. 3 адамның жұмысын істей беремін. Қасымда көмектесіп жіберетін адам болса, жеңіл көліктің моторына дейін көтеруге қауқарым жетеді. Бірақ құрылыс саласында ғана шектеліп қалғым келмейді. Болашақта киноға түскім келеді. Арманым сол. Актер болып, елге танылып, кейін мемлекеттің атын шығарсам деймін. Ерекше дене бітімімді, күшімді тиімді пайдаланғым келеді,- дейді Парасат Нұрғалиев. 

Парасаттың отбасында өзінен үлкен 2 ағасы мен 1 әпкесі бар. Бірақ бауырларының дене бітімінде еш ерекшелік жоқ. Алып адамның бойы 12-13 жасында өсе бастапты. Мұндай ерекшелік оған аталарынан берілген деп болжайды туыстары. 

Көліктің моторын көтеріп, 3 адамның жұмысын істейтін алып арманын айтты

Бауырым 5-6 сынып оқып жүрген кезде-ақ қатарластарынан ірі болды. Үнемі өзім таңқалатын едім. 9 сыныптағы балалармен күресу ол үшін қиын болмайтын. Көз ілестірмей жеңіп тастайды. Темір-терсекке икемді. Ауылдағы жігіттердің бәріне көмектеседі. Тұрақты жұмысы жоқ. Біздің Парасат сияқты ешқандай ерекшелігіміз болмаса да, өзімнің атам мен әкем ірі, қайратты кісілер болған. "Урал" мотоциклін жалғыз көтеріп, суды кешіп өтетін көрінеді. Тіпті өзім көзіммен өгізді қойша жыққандарын көрдім,- дейді Парасат Нұрғалиевтің ағасы Әсет Серікқалиұлы.

Ауылда туып-өскен қарапайым жігіттің арманы асқақ. Ол қазірден актер болсам деп армандайды. Атын шығарып, елге қызмет етуді мақсат еткен. Алып адам болудың кемшілігі де жоқ емес. Өңірден аттап басып, алысқа ұзауға киімінің жоқтығы қолбайлау. Алуға қаржысы жетпейді емес, ондай тауар таптырмайды. Аяқ-киімінің өзі 56 өлшем. Ондай етіктерді жасайтын қалып аудан мен облыс түгілі Қазақстанның өзінде қат көрінеді. Сол себепті ауыл болып, жұмылып арнайы тапсырыспен алдырған. Сөйтіп мұқтаждығынан құтылыпты. Онымен қатар, қарапайым адамдарша сауда үйлерінен кез-келген киімді де таңдап кие алмайды. Оған киім-кешекті тігінші туысы тігіп береді. Ауылдастары тіпті жас жігітті қолдайтындар болса, біз де демеуге әзірміз деп отыр.

Көліктің моторын көтеріп, 3 адамның жұмысын істейтін алып арманын айтты

Парасатты әлеуметтік желі арқылы көрген азаматтар, жан-жақтан тілшілер де, "Қазақфильмнен" азаматтар хабарласып, қызығып жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Негізі баламыздың ағалары, ағайындары бар. Ешнәрсеге мұқтаж емес. Тек ерекшелігінің арқасында танымал болып, арманына жеткенін қалаймыз,- дейді Индер ауданы Жарсуат ауылының әкімі Ербол Бөкеев.

Ерте жастан көңіл бөлмегесін Парасат Нұрғалиев спортта жетістікке жетуден үміт үзген. Сүйегі қатайғасын, шынығу кеш. Бірақ актер болу арманынан күдер үзбейді. Қолдайтындар болса, жаңа саладағы белестерді бағындыруға барын салуды жоспарлап отыр. Бір ғасырда бір туатын алып тұлғалы азаматты қолдайтындар, жол көрсететіндер болса, аянып қалмайтыны анық.

Көліктің моторын көтеріп, 3 адамның жұмысын істейтін алып арманын айтты

Қазір желі қолданушылары Парасатты батыр киімінде дүбірлі тойда, не ұлттық киіммен салтанатты шараларда ғана көреді. Бірақ қолдап, жігіттің ерекше ынтасының арқасында жаңа саланы үйретемін дейтіндер болса, азаматты көгілдір экраннан, жаңа туындылардан да көрудің ауылы алыс болмас еді.

Әзірге Парасат Нұрғалиев Қазақстан рекордтар кітабында "Еліміздегі ең алып адам" ретінде тіркелген. Бұл туралы кітаптың ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов хабарлаған еді. Одан бөлек ең үлкен аяқтың да иесі.

Өзгелердің жаңалығы