Аталған жүйені келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көліктік бақылау кезінде талап етілетін құжаттарды электрондық форматқа ауыстыру үшін Көлік министрлігі пилоттық режимде көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізіп жатыр.
Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі тасымалдау саласында қызмет алу үрдісін барынша қауіпсіз етіп, ашықтықты одан әрі арттыруға, сондай-ақ тасымалдау процестерін оңтайландыруға, жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқартуға, esutd.gov.kz сайтының мобильді нұсқасы немесе QR кодын сканерлеу арқылы әлемнің кез келген нүктесінен электрондық құжаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2021 жылғы 25 мамырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін ұйымдастыру және пайдалану қағидалары, аталған жүйеге тіркеу, есепке алу, өңдеу және сақтауға қажет құжаттар тізбесі бекітілген болатын.
Кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 16 маусымдағы №307 бұйрығымен автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді (Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 546 бұйрығымен бекітілген). Аталған өзгерістерге сәйкес құжаттарды қағаз тасығышта ресімдеу кезінде техникалық рұқсат етілген максималды салмағы 3,5 тоннадан асатын тасымалдаушы мен жүк жөнелтуші оларды көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде тіркеуді қамтамасыз етеді: жол парағы – ауысым (рейс) басталғанға дейін; тауар-көлік жүкқұжаты - жүк жөнелтілгенге дейін.
Қазіргі уақытта мемлекеттік техникалық қызмет мамандарымен бірлесіп, Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сыналып жатыр. Сонымен қатар тасымалдаушыларға ыңғайлы болу үшін жүйенің мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Осыған байланысты жүйені 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланған.