Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада қала тұрғыны полицияға көлігінің номері ұрланғанын айтып шағымданған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Біреулер таң алдында оның Ресей Федерациясында есепте тұрған Toyota Estima маркалы көлігінің номерін ұрлаған.
Номерді ұрлап алушы көліктің алдыңғы әйнегінде номерді қайтару үшін 25 мың теңге ақша төлеуі керектігі туралы хат жазып қалдырған. Хатта ұрының Telegram аккаунты көрсетіліпті. Алматы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері көлік номерін ұрлаған екі бопсалаушыны анықтады. Олар Қарағанды облысының 33 және 35 жастағы тұрғындары болып шықты. Күдіктілер Қарағанды қаласының аумағында ұсталды - делінген хабарламада.
Елордаға жеткізілген олар кінәсін мойындады. Ұрланған көлік номері иесіне қайтарылды.
Аталған фактіге байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы бойынша («бопсалау») қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктілердің бұрын елорда аумағында болған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы анықталып жатыр.