Қазақстанда шілде айының қорытындысы бойынша жаңа жеңіл автокөліктердің бағасы маусыммен салыстырғанда 1,8%-ға төмендеді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл – 2024 жылдың сәуірінен бері алғаш рет тіркелген айлық құлдырау, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы алғанда, жаңа жеңіл автокөліктердің арзандауы сирек құбылыс. 2016 жылдың қаңтарынан бері баға бар болғаны жеті рет төмендеген.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның төмендеуіне ел ішіндегі автокөлік өндірісінің тұрақты деңгейі әсер еткен. Қаңтар-шілдеде ай сайын орта есеппен 10,8 мың көлік шығарылған. Өндірістегі ең жоғары серпін 2024 жылдың желтоқсанында тіркеліп, көрсеткіш тарихи рекорд – 20,6 мың бірлікке жеткен. Сонымен қатар қаңтар-мамыр аралығында импорт та жоғары деңгейде сақталды: айына орта есеппен 15,5 мың көлік әкелінген.
Бағаның айлық төмендеуі жылдық өсім қарқынының да баяулауына ықпал етті: маусымдағы +21,3%-дан шілдеде +17,5%-ға дейін төмендеді.

Ал ұсталған жеңіл автокөліктердің бағасы бір айда өзгеріссіз қалды. Жылдық мәнде 2,1%-ға арзандаған.
Жалпы, жаңа және ұсталған жеңіл автокөліктердің орташа бағасы шілдеде маусыммен салыстырғанда 1,4%-ға төмендеді. Дегенмен, өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 9,3%-ға қымбат болып отыр.