Көлік министрі Үкіметтің қабылдау орталығында азаматтарды жеке қабылдады

10 Ақпан 2024, 20:03
501
Бөлісу:
Көлік министрі Үкіметтің қабылдау орталығында азаматтарды жеке қабылдады
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаевпен кездесуге Астана қаласының, Абай және Алматы облыстарының тұрғындары жазылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өтініш білдірушілер автожолдарды жөндеу, теміржол, автомобиль және басқа да көлік қатынасын дамыту мәселелері бойынша, сонымен бірге Алматыдан Үлкен Алматы айналма автожолына дейінгі жоғарғы Қаскелең трассасын кеңейтуге қатысты сұрақтарымен жүгінді.

Елорда тұрғыны Зайнигүл Бликова Астанадағы №41 разъезде жол инфрақұрылымына қатысты орын алған мәселелерді талқылауға келді. Оның айтуынша, елді-мекеннің елорда маңында орналасқандығына байланысты аталған разъезде жүрдек пойыздардың техникалық аялдамасы қарастырылмаған. Осыған байланысты, өтініш беруші тұрғындарға ыңғайлы болу үшін разъезде пойыздардың аялдауына жағдай жасау мәселесін қарастыруды сұрады. Көлік министрлігінің басшысы сұрақ қосымша зерделеуді талап ететінінтілге тиек етіп, қолданыстағы заңнама шеңберінде реттелетінін атап өтті.

Жалпы жол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде № 41 разъезде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол белгілері, бағдаршамдарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілген, сондай-ақ іргетас блоктары орнатылған.

Алматы облысынан келген Руслан Лепский Алматыдан Үлкен Алматы айналма автожолына дейінгі жоғарғы Қаскелең трассасын кеңейту туралы мәселе көтерді. Өтініш берушінің айтуынша, жолға қатысты бұл мәселе 2023 жылдың көктемінде күн тәртібіне шығарылған. Сөз кезегінде министр ведомство жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып өтіп, өтініш берушінің мәселесі мұқият зерделеуді қажет ететінін айтты. Осы ретте «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен Алматы облысы әкімдігінің өкілдері жақын арада жолдың осы учаскесімен егжей-тегжейлі танысу үшін баратын болады. Айта кетерлігі, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әрі жол жобаларын одан әрі іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан жер учаскелерін алдын ала жоспарлау қажет. Естеріңізге сала кетейік, автожол жобалары мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясында жүзеге асырылады. Жоба бекітілгеннен кейін құрылыс басталғанға дейін тиісті құжаттама бірнеше кезеңнен өтеді. Атап айтқанда, мемлекеттік сараптама жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді.

Абай облысының тұрғыны Ерхан Ағзам Қарқаралы-Шар темір жолын салу мәселесін көтерді.

Іске асырылып жатқан теміржол жобалары елдің ұзақ мерзімді перспективада дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға тиіс. Бүгінгі таңда «Достық – Мойынты», «Бақты-Аягөз», Алматы айналма желісі сияқты ірі жобалардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір біз құрылысы басталып кеткен бірқатар жобаны аяқтап, халық игілігіне беруді көздеп отырмыз. Аталған жобалар аяқталған кезде басқа жобалар бойынша да жұмыстар жүргізілетін болады, – деп атап өтті Марат Қарабаев.

Кездесудің қорытындысы бойынша өтініш білдірушілерге толыққанды жауаптар қайтарылып, бірқатары министрдің жеке бақылауына алынды.

Өзгелердің жаңалығы