Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Көлік министрін облыс халқы сұрақтың астына алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбеліктермен кездескен Марат Қарабаев облыстағы жолдардың сапасы мен теміржол саласындағы олқылықтар жайында айтып берді. Сондай-ақ сауалдарға жауап берді.
Басқосуда тұрғындар облыстағы жолдардың сапасы көңіл көншітпейтінін, әсіресе, «Самара-Шымкент» тас жолы бойында ауыр жүк көліктері мен сапасыз жолдардың салдарынан жол апаты жиілеп кеткенін жеткізді. Сондай-ақ бір топ белсенді жеңіл көліктерге салынатын утильалым мәселесін көтерді.
Ерекше бала өсіріп отырған анамын. Жыл сайын баламды емге апарамын. Транзиттік көлік сатып алғанмын, енді сол көлікті өз атыма аудара алмай жүрмін. Сыртқа шықсақ, полиция қызметкерлерінен «қашып» жүруге мәжбүрміз. Сіз утильалым мәселесін шеше алмаймын дедіңіз. Енді өтінеріміз, Өнеркәсіп және құрылыс министрімен бірге осы мәселені шешіп берсеңіздер. Тым болмағанда төлем құнын арзандатсаңыздар екен, — деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Мейрамгүл Сейтова.
Кездесуде министр Ақтөбе облысындағы жолдардың сапасына қатысты өз пікірін білдірді.
Жолдың сапасына әсер ететін екі мәселе бар. Оның бірі — жол салынғаннан кейін оны күтіп-ұстауға қаражаттың бөлінуі, екіншісі — ауыр жүк тасымалдайтын көліктер. Мысалы, жолға 8 тонна ғана салмақ түсіруге болады, ал бізде жүк көліктері 16 тоннаға дейін салмақ түсіруде. Бұл жолдарды бұзады. Биыл біз Астана қаласында үлкен жоба бастадық. Қалаға кіреберіс жолдарға арнайы камералар орнаттық. Егер ауыр жүк тасымалдайтын көліктер қалаға кіретін болса, онда айыппұл салынатын болады. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Бұл бастама келер жылы Ақтөбе облысына да келеді, — деді министр.