Көлгінов тұрғындарға Оңтүстік-Шығыс қалай өзгеретінін айтып берді

22 Қаңтар 2022, 10:09
1390
Бөлісу:
Көлгінов тұрғындарға Оңтүстік-Шығыс қалай өзгеретінін айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Оңтүстік-Шығыс елді мекенін одан әрі дамыту және абаттандыру туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Елордамыздың аудандары мен елді мекендерін дамыту бойынша тұрғындармен тұрақты кездесіп тұрамыз. Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, жүзеге асқан жұмыстарымызды және одан әрі даму жолымызды талқыладық.

Бұған дейін Оңтүстік-Шығыс тұрғындары әлеуметтік нысандардың қажеттілігі туралы проблема көтерген болатын. Тиісті жұмыстар орындалған соң биыл Жерұйық-2 саябағы аумағында мектеп пен балабақша құрылысын бастаймыз.

Бұдан бөлек, алдымыздағы көктемде Алматы ауданында жұмыс істейтін жастарға арналған тағы бір қолжетімді тұрғын үйдің құрылысын аяқтаймыз. Ал елді мекендерде биылдың өзінде 4 мектеп салуды жоспарлап отырмыз.

Өткен жылдардағыдай жолдар мен аулалардың, сол сияқты қоғамдық кеңістіктердің (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) құрылысына ерекше назар аударамыз. Мысалы, Бурабай көшесінен Есіл көшесіне дейін, сондай-ақ Р.Қошқарбаев даңғылы – Қордай көшесінде үлкен гүлзарлар саламыз, онда балалар да, үлкен кісілер де уақытын көңілді өткізетін болады.

Оңтүстік-Шығыс елді мекенін қауіпсіздендіру әрі тұрғындарға жайлы болуы үшін толықтай жарықтандырамыз.

Сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс елді мекенінде газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындардың бір бөлігі көгілдір отынға қосылды. Өздеріңіз білетіндей, ірі елді мекендердің бірі – Оңтүстік-Шығыс қаламыздағы түтіннің негізгі көздерінің бірі болып саналады. Газ тарату желілерін біз 9 елді мекенге орнаттық. Осы мақсатта 680 км-дан астам газ тарату желісі салынды. Газдандыру – Елбасының тарихи жобасы, бұл бастама қала тұрғындарының өмір сүруін барынша қолайлы етуге, сондай-ақ қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендеріміз жүйелі түрде дамып келеді. Қаламызға қарасты 16 елді мекен бар. Мәселен, елді мекендерге 13,5 км инженерлік желі, 5 км-ден астам кәріз және су құбыры, 3 км-ден астам нөсер кәрізі салынды. Екі жыл ішінде 160-тан астам көше салынды, әлеуметтік нысандар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер желісі айтарлықтай кеңейтілді», - деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы