Жаңа жыл қарсаңында мейрамды қалай тойлап, денсаулықты қалай сақтау керегі туралы материал дайындадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа жыл - әр адамның ең ұзақ күтетін сүйікті мерекесі.
Жаңа жылдан бастап бәріміз өзімізге жаңа өмір бастауға, салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді айналысуға уәде береміз.
Диетолог маман Жанна Нұрбергенқызы жаңа жылдық дастарханға қандай салат дайындап, неден бас тарту керегін айтып берді.
Дұрыс тамақтану деген не?
Дұрыс тамақтану дегеніміз – диета емес. Дұрыс тамақтанғанда барлық тағамды, яғни тәттіні де, ащыны да жеуге болады. Бірақ тек уақытымен, мөлшерімен және дұрыс дайындап жеу керек. Демек тамақты дайындау тәсілі де маңызды. Міне, дұрыс тамақтану дегеніміз осы. Ал диета – ол мүлде басқа нәрсе. Мысалы, қандай да бір ауру кезінде не болмаса адамда белгілі бір диагнозы, артық салмағы болса, бір тағамды шектейміз. Мысалы, диабеті бар адамдарға қантты тұтынуға болмайды, артық салмағы бар адамдарға көмірсуді азайту қажет. Яғни шектеу – бұл диета, - дейді маман.
Диетолог жаңа жылдық мерекелерде артық салмақ қосып алмас үшін аз-аздан бірнеше рет жеу керегін айтты. Яғни тамақтың барлығын бірден жеп тойып алғаннан гөрі аз-аздан бірнеше рет тамақтансақ, ағзаға да оны қорытуға жеңіл болады. Бұл артық салмаққа да алып келмейді. Тамақты осылай жеу ағзаға ауырлық тигізбейді.
Ауыр тағамдарды көп жеп қойған адамдарға айтар кеңесім – 2-3 күн «разгрузка», яғни қарапайым тілмен айтқанда асқазанды демалту қажет. Демек тамағымызды азайтамыз, бірінші күні таңғы астан бас тартамыз. Түскі асқа дейін су ішуге болады. Ал екінші күні таңғы ас пен түскі астан бас тартып, кешкі асты тойып алмай ішуге болады, - деп түсіндірді ол.
Газдалған сусынның орнына қымыз
Жаңа жылдық дастарханда майонезден, майлы өнімдерден жасалған тағамдар, салаттар көп болады. Соны қорыту үшін адамдар газдалған сусын ішеді. Ішкен асымды кола тез қорытады деп ойлайды. Бұл – үлкен қателік. Газдалған сусындар ағзаға түскен кезде ащыту процесін туғызуы мүмкін. Ал оның соңы ағзаға үлкен зиянын тигізеді. Сол себепті майлы асты көп жеп қойсаңыз, лимон қосылған суды ішкен дұрыс. Яғни бір стақан суға лимонды салып ішсек, ас тез қорытылады. Сондай-ақ газдалған сусындардың орнын қымызбен алмастырсақ та болады. Ол майлы тағамдарды өте тез қорытады, - деп есептейді Жанна Нұрбергенқызы.
Сөзінше, табиғи ащытылған қымыз ағзадағы ас қорытуға көмектесетін сұйықтықтың мөлшерін көбейтуге көмектеседі.
«Оливье», «селедка под шубой» сияқты салаттардан бас тартуға болады»
Диетолог жаңа жылдық дастарханның тағамдары неғұрлым жеңіл болғаны дұрыс екенін айтады.
Бірақ бізде кеңес үкіметі кезінен дастарханға қойылып келе жатқан «оливье», «селедка под шубой» деген салаттар бар. Бұл салаттарсыз жаңа жылдық дастарханды елестету мүмкін емес. Бұл салаттарды жасағанда құрамындағы майонезді үй жағдайында дайындасақ, анағұрлым жеңілірек, зияны азырақ болады. Жалпы дүкеннің майонезін қолдануға кеңес бермеймін. Себебі онда ағзаға улы қоспалар болады. Сондықтан орның орнына үй жағдайында зиянсыз қоспаларды қосып, майонез жасауға кеңес беремін. Бірақ оның калориясы өте жоғары болады. Алайда майонезді қаймақпен алмастырса, ағза үшін пайдасы өте көп. Бірақ «оливье», «селедка под шубой» салаттарына қаймақ қосатындар көп емес деп ойлаймын. Дастарханға ағзаға жеңіл болатын салаттарды жасаған дұрыс. Мысалы, түрлі көкөністер, өсімдік майлары, - деп айтты маман.
Сәбізден, қырықжапырақтан, қияр мен қызанақтан жасалған салаттар ағзаға өте пайдалы. Түрлі көкөністерді кесіп қоюға болады. Жалпы құрамында ағзаға зияны бар, мысалы, майонез және басқа да қоспаларсыз болса, барлық салат пайдалы. Яғни салатты араластыратын кезде түрлі сұйық майлармен, дәлірек айтқанда, зәйтүн, жаңғақ, күнжіт майларымен араластырсақ, зиянсыз әрі ағзаға ауыр болмайды.
Диетолог дастарханға майонезсіз салаттарды әзірлеуге кеңес берді.
Ол қазақстандықтарға «оливье», «селедка под шубой» сияқты салаттардан бас тартып, жеңіл салаттарды жасауға да болатынын айтты.
Қандай сусын ішкен дұрыс?
Жанна ханым дүкендегі газдалған және тетрапакеттегі «табиғи» сусындарды сатып алуға кеңес бермейтінін айтты.
Дүкендерде табиғи сусын деген жоқ. Олардың барлығы қоспалармен жасалған. Мысалы, оларға түрлі бояғыштар, дәмдегіштер, иіс беретін химиялық қоспалар қосылады. Ал газдалған сусындарды айтпасақ та түсінікті. Олардың құрамындағы Е952 қоспасы ағзаға үлкен зиянын тигізеді. Мұны үнемі айтып келеді. Бірақ адамдардың ең көп тұтынатыны осы қоспасы бар кола болып тұр. Газдалған сусындардың орнына үй жағдайында жасалған компот немесе жаңа сығылған шырынды тұтынуға болады. Қазір мандариннің, апельсиннің мезгілі. Осы жемістерді шырын жасайтын құрылғыға салып, үй жағдайында шырын жасауға болады. Сонымен қатар түрлі морстар, жидектер қосылған сусындар, кисельдер ағзаға пайдалырақ, - дейді ол.
Сонымен қатар мейрамнан кейін егер адамның асқазаны ауырса, ең алдымен гастроэнтерологқа барып, асқазанын тексертуге кеңес берді. Өйткені аурудың себебін анықтау маңызды.
Жаңа жылдан кейін асқазанды міндетті түрде демалту қажет. Асқазанды тазарту күні дегеніміз – ол күні бойы тек бір ғана тағамның түрін жеу. Мысалы, таңертеңнен кешке дейін алма немесе қарақұмық (гречка), не болмаса алма мен айранды ғана жеу. 1 келі алманы алайық. Оны алты бөлікке бөліп, әр 2 сағат сайын жейміз. Міне, осы ағзаны демалту күні деп аталады. Бұл күні ағза тазарады, ішектің маторикасы жақсарады. Дегенмен мұны кез келген адамға жасауға болмайды. Мысалы, асқазан жүйесінде ақауы, артық салмағы, бауыр-бүйрек зақымдары бар адамдарға мұндай диетаға отыруға болмайды, - дейді маман.
Сөзінше, жаз кезінде асқазанды қауын және қарбызбен тазартқан өте пайдалы болады.
Үй жағдайында майонезді қалай жасауға болады?
Диетолог ағзамызға зиянсыз майонезді жасап үйрену үшін өзінің тәсілін бөлісті.
Санаулы күндерден кейін келетін жаңа жылдың үстелге пайдалы салаттар әзірлейік. Үйде дайындалған майонездің құрамы анағұрлым зиянсыз, пайдалы ингредиенттерден тұрады, - деп айтты маман.
ҚҰРАМЫ:
1. Сұйық май – 500 гр
2. Жұмыртқа – 2 дана
3. Тұз - 0,5 ш.қ.
4. Қант -0,5 ш.қ.
5. Соя тұздығы – 2 ш.қ.
6. Лимон сусыны – 2 ш.қ.
7. Қыша (горчица) – 2 ш.қ.
Табиғи ингредиенттерді пайдаланудың арқасында бұл өнім ағзаға өте оңай және тез сіңеді.
Өз мөлшерімен тұтынсаңыз, жалпы ас қорыту жолдарына зияны жоқ.
Жаңа жылды денсаулығыңызға зиянсыз қарсы алу үшін осы қарапайым ұсыныстың барлығын орындауды ұсынамыз.