Алматы, BAQ.KZ. Алматы қалалық Полиция департаменті қол астындағы полиция қызметкеріне қол көтерген Наурызбай аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді.
Алматы полициясының бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, ПД-де жедел тәртіптік комиссия өткізілді, оның шешімімен Наурызбай аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры К. Жақыпбаев полиция бөлімінің беделін түсіргені және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің этикалық кодексі» нормаларын бұзатын әрекетті жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылды.
Сонымен қатар бұл бөлімнің бірқатар басшысы қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ол Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бұл фактіні ҚР ҚК-нің 362-бабы - билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркегенін айтты.
Айта кетсек, бүгін желіде полиция басшысы қол астындағы қызметкерге қол көтеріп жатқан сәтінің видеосы тараған болатын. Бұл видео желі қолданушыларының ашуын келтіріп, қызу талқыланған болатын.