«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

28 Сәуір 2023, 09:21
2003
Бөлісу:
«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды
PHOTO
Фото: автордан

Қостанайда Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композиторлар одағының мүшесі, ерекше дарын иесі Қалибек Деріпсалдиннің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық «Көктем-қыздар» атты әншілер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Осымен екінші мәрте өткен күміс көмей әншілердің байқауына жерлестерімізбен қатар, Астана, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу облыстарының намысын қорғаған он екі әнші екі күн бойы Қостанай аспанын әнге бөледі.

Хас жүйріктер бақтарын сынаған өнер бәйгесінің бірінші күні үміткерлер қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен екі ән орындап көрерменнің ыстық ықласына бөленді. Ал екінші күні жас әншілер эстрада бағытында жазылған Қалибек Деріпсалдиннің бір туындысын орындау шарт болды.

«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

Өнер додасына түсіп жатқан жас дарындардың аяқ алысына баға беретін қазылар алқасының құрамында өз саласының нағыз майталман мамандары болды.

«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

Олар ҚазССР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Композиторлар одағаның мүшесі, әнші-композитор, Қостанай қаласының және Амангелді ауданының құрметті азаматы, Қалибек Деріпсалдин, Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан композиторлар одағаның мүшесі, композитор, Ермұрат Үсенов, Мәдениет қайраткері, композитор, профессор, Серікжан Әбдінұров, Мәдениет саласының үздігі, әнші, Жанатбек Кадиров секілді марқасқа азаматтар байқауға қатысушылардың арасынан жүзден жүйрікті анықтады.

«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

Жалпы Қалибек Деріпсалдиннің әр туындысы керемет қой. Оның әндері кез келген жанның жүрегіне жол табады. Өз басым осымен бұл байқауға екінші рет қазылық етіп отырмын. Екі күн бойы байқауға қатысып жатқан жастардың аяқ алысын мұқият бақылап отырмыз. Бұл өнер додасы жыл сайын дәстүрлі түрде өтсе деген тілегім бар. Қатысушылардың ауқымы да кеңейіп келеді. Бұл қуантарлық іс. Болашақта осы жастардың арасынан жұлдыздар шығып, Қалибектің әндерін әр тарапқа тарата береді деп сенемін, – дейді қазылар алқасының мүшесі Ермұрат Үсенов.

Сонымен байқаудың бас жүлдесін Ақтөбенің намысын аброймен қорғаған Әкімжан Шәкіров иеленіп, 500 мың теңге сыйақыға лайықты деп танылды.

«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

Бірінші орын Қостанайдың Федоров ауданынан келген ағайынды Тасқын мен Фариза Жоламановтар алып, 300 мың теңгемен марапатталды.

«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

Екінші орын Ақтау қаласынан ат терлетіп келген Ақниет Сейфуллақызына бұйырды. Оған 200 мың теңге табыс етілді. Үшін орын Жетісу облысының дарыны Тілекбай Нағымбаев пен Қостанай қаласынан шыққан Мәулен Қадыров алып, әрқайсысына 150 мың теңге берілді.

«Көктем-қыздар». Бас жүлде Ақтөбеге аттанды

Осы орайда ерекше бір тоқтала кетер жайт, осынау ерекше өнер бәйгесінің өтуіне мұрындық болған Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы мен Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы екенін айта кеткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы