Көкшетаулық тұрғын лицензиясы жоқ мың литрге жуық спиртті сатпақ болды

1 Маусым 2023, 10:21
595
Бөлісу:
Көкшетаулық тұрғын лицензиясы жоқ мың литрге жуық спиртті сатпақ болды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз сауданың жолын кесіп, сапасы белгісіз 945 литр спиртті айналымнан алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында учаскелік инспектор алкогольді заңсыз сату фактісін анықтады.

Көкшетау қаласының 52 жастағы тұрғыны автокөлігін жергілікті дәмханалардың бірінің ауласындағы оңаша жерге қойып, автодүкен ұйымдастырған. Ол сол жерде жергілікті тұрғындарға және Петропавлдан келушілерге лицензиясы жоқ 5 литрлік бөтелкелерге құйылған алкогольді сатқан. Тексеру кезінде өнімді сатуға рұқсат құжаттары болмаған.

Полицейлер «автодүкеннен» 945 литр - барлығы 189 бөтелкені тәркіледі.

Тәртіп сақшылары «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша материал жинады.

«Тұтынушылар шыққан жері және сапасы белгісіз спирттік өнімді алған. Оған ешкім кепілдік бермейді, сол себепті тұрғындардың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Алкогольді мөлшерден көп пайдалану қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жасалуына әкеледі, сондықтан заңсыз саудамен күрес - заң бұзушылықтардың алдын алудағы жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі», - дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.

Өзгелердің жаңалығы