Грант алуды көздейді: Егіз сарбаздар әскерде бірге қызмет етіп жүр

Егіз ағайындылар әскери борышын бірге өтеуге шешім қабылдады.

Бүгiн 2026, 09:22
АВТОР
 Ұлттық ұлан Бүгiн 2026, 09:22
Бүгiн 2026, 09:22
273
Фото: Ұлттық ұлан

Ақмола облысының тумалары, егіз ағайындылар Константин мен Федор Судя әскери қызметті бірге атқаруға шешім қабылдады. Қазір олар Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жатыр.

2007 жылдың 2 маусымында дүниеге келген егіздер бала күнінен бір-бірінен ажырамаған. Ақкөл қаласындағы №2 орта мектепті тәмамдаған соң, Көкшетау қаласындағы колледжде "Ауыл шаруашылығын механикаландыру" мамандығы бойынша білім алған.

Үш ұл тәрбиелеп отырған Судьялар отбасында әскери қызметке шақырту Константин мен Федорға келген. Денсаулығына байланысты үлкен ағалары әскер қатарына алынбағанымен, егіздер азаматтық борышын өтеуге бірауыздан келісім берген.

Қазіргі таңда жас сарбаздар алғашқы әскери дайындық курсынан өтіп жатыр. Олар әскери тәртіп талаптарын меңгеріп, жалпы әскери жарғыларды оқуда. Сонымен қатар дене шынықтыру дайындығын жетілдіріп, қару-жарақпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренуде. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттардың жетекшілігімен болашақ әскери қызметке қажетті білім мен машықтарды игеріп жатыр.

Константин мен Федордың айтуынша, әскери қызмет – әрбір жас азаматтың өміріндегі маңызды мектеп. Олардың пікірінше, армия жауапкершілікке баулиды, тәртіпке үйретеді және мінезді шыңдайды.

Әскерге бірге келуді өзіміз таңдадық. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жаңа ортаға тез бейімделіп жатырмыз. Бұл кезең біз үшін үлкен тәжірибе болады деп сенеміз,-дейді егіз сарбаздар.

Қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін ағайындылар "Сарбаз 2.0" бағдарламасының мүмкіндігін пайдалануды жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында әскери қызметте үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орындарында білім алуға арналған гранттар беріледі. Алда жас жауынгерлерді әскери ант қабылдау рәсімі, әскери мамандықты игеру және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қызметтік міндеттер күтіп тұр.

Константин мен Федордың таңдауы – бауырмалдықтың, өзара қолдаудың және Отан алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Егіздердің бұл қадамы жастар арасында әскери қызметтің маңызын насихаттап, азаматтық борышқа деген саналы көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді.

Наверх