Көкшетауда жылу тарифі қымбаттады

29 Қыркүйек 2022, 15:26
815
Бөлісу:
Көкшетауда жылу тарифі қымбаттады

Көкшетауда жылу бағасының қымбаттауы жұртшылықты алаңдатуда. Қымбатшылықтың қарқынын тежеу әзірге мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Енді қала тұрғындары жылу ақысын – 20 пайызға, бюджеттік ұйымдар – 12 пайызға және заңды тұлғалар – 15 пайызға артық төлейтін болды. 

Атап айтқанда, 1-ші қазаннан бастап заңды тұлғалар тіркеу құрылғысы бар болса (ТҚ) – Гкал 5 851,45 теңге, ТҚ жоқ заңды тұлғалар – Гкал 7 925,71 тенге, ТҚ бар бюджеттік ұйымдар – Гкал 15 097,83 тенге, ТҚ жоқ бюджеттік ұйымдар – Гкал 23 026,53 теңге, ТҚ бар тұрғындар – Гкал 1 701,13  теңге, ТҚ жоқ –  Гкал  3 451,66 теңге төлейді. 

Бағаның өсетіні туралы талайдан бері талқыланып жатыр. Алайда өткен жылғы тәжірибеге сүйенсек, барлығына бас шұлғи келісе беретін табиғи монополияны реттеу департаментінің, қалалық мәслихат депутаттарының  әрекетіне қарап, шынында да тарифтердің бағасының өсетіні шындық. Осылайша электр энергиясы да, сұрауы бар су да қымбаттауы мүмкін. 

Монополист-компаниялар 2022 жылдың екінші жартысынан бастап тарифтерді өсіру туралы мәселені қайта-қайта күн тәртібіне шығара берді. Жыл басынан бері азық-түліктің бағасы да еселеп артып келеді. Киім-кешек те солай. Кәсіпкерлер шикізаттың, қосалқы бөлшектердің қымбаттап кетуіне орай жұмыс істеуі қиындап кеткенін айтады. Енді тарифтер қымбаттаса, жағдай одан сайын ушыға түспек. 

Біздің қала тұрғындарына, заңды тұлғаларға коммуналдық шығындарын жабуға қосымша қаржы ешкім бөлмейді. Бәрі өз күшіне ғана сеніп отыр. «Көкшетау Жылу» мен «Көкшетау Су Арнасы» мекемелері облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Қаладағы барлық кәсіпорындар осы проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Алайда оларға қолдау көрсетіп отырған мемлекет қазынасы жоқ. Сол себепті шағын және орта бизнес өкілдері тығырыққа тіреліп отыр. Енді оларға шығатын бір жол – өз тауарлары мен қызметіне бағаны көтеру. Нәтижесінде қарапайым халық, нақты айтқанда сіз бен біз, көкшетаулықтар қажетті заттар мен қызметті қымбат бағаға тұтынуға мәжбүр боламыз. Осының бәрі мемлекеттік құрылымдардың бей-жай қарауының салдарынан туындаған түйткіл, – дейді кәсіпкер Ерқанат Смайылов. 

Ол атап өткендей, шенеуніктер тарифтердің жылдам өсіп кетуін болдырмау үшін қаржының мақсатты пайдаланылуын бақылауға алып, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, әр өңірге жеке назар аударылады деген еді. Алайда сөз бен істің ара-жігі ажырамай, Ақмола облысында тарифтерді көтеруге болады деген байламға келгені түсініксіз. Өзге өңірлерде бұл жағдай үнемі бақылауда. 

2009-2010 жылдары жылудың бағасы бірден өсті. Соның ішінде шағын бизнес өкілдері үшін, атап айтқанда: шаштараз, көлік жуу, дүкендерге салмақ түсті. Кәсіпкерлер бірден шулады. Бізде тек дау-дамаймен ғана мәселені шешуге бола ма? Соңғы екі жылда Көкшетаудың бизнес саласы елге келген індеттің салдарынан дұрыс жұмыс істей алмағанын ескерсек, соған қарамай  коммуналдық төлемдердің бағасының өскенін байқар едік. Алайда кәсіпкерлердің жағдайына ешкім назар аударған жоқ, жабулы қазан жабуды күйде қалды.   Кәсіпорындары аз, алып заводтары жоқ шағын шаһарда баға баяғыдан қымбат екені айтып жатпаса да түсінікті. Көптеген сұрақтар жауапсыз қалып жатқаны да шындық, - дейді кәсіпкер. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жаңа тарифтік саясатқа көшу мәселесін көтерген. Тарифтерді инвестициямен алмастыру жайын айтқанда, Президент тарифтерді көтеру туралы айтқан жоқ. Монополистер коммуналдық инфрақұрылымға қаржы салып, мемлекеттік мониторингтік жүйеге қатысу арқылы жариялылықты қамтамасыз етуге тиіс және инвестицияға өз қаржысын салғанда тарифтерге тиіспеуі керек болатын. 

Мысалы, «Көкшетау Жылудан» қандай инвестор шығуы мүмкін? Жылумен жабдықтайтын мекемеге тарифтерді өсіруге рұқсат та берілді, қаржы да бөлінді. Бірақ Көкшетаудың пәтерлері содан қатты ысып кеткен жоқ. Өткен жылы оны жергілікті тұрғындар жақсы сезінді. Нәтижесінде облыс орталығының тұрғындары мен бизнес өкілдері зардап шегіп отыр. Қарапайым халықтың қалтасы қағылады, әрі өз қызметін қымбатқа ұсынған меншік иелері өз тұтынушыларын жоғалтады, – деп пікір білдірді қала тұрғыны Ерден Елемесов. 

  2010-2015 жылдары Үкімет энергиямен жабдықтайтын ұйымдарға қолдау білдіріп, желілерді жаңғырту арқылы тарифті өсіруге рұқсат берді. Энергетиктер бірден бағаны көтерді, алайда жаңғырту жұмыстары аяқсыз қалды.

Неліктен шенеуніктер осы мәселені назарға алмады және нәтижесін бақыламады? Осындай тиімсіз жобалар жетіп артылады. Қала тұрғындары әлі күнге дейін мына бір жайсыз жағдайды еріксіз еске алады: Көкшетауға аудандардан ескі трансформаторларды алып келіп, сыртын сырлап, жаңа күйінде ұсынғанын әлі ұмытқан жоқ. Алайда ол құрылғылар жақсы жұмыс істеп кеткен жоқ. Тұрғындардың энергия шығыны өсіп, үйге қажетті қондырғылардың да саны артқан сайын мұндай ескі қондырғылардың қуаты жетпей қалады. Әлі күнге дейін бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. 

Әділетті ел құрамыз десек, халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса мән берген жөн. Халықтан және кәсіпкерлерден алынатын салыққа өмір сүріп отырған билік аппараты да бағаның өсуіне жол бермеуі тиіс. Әйтпесе сөз бен істің арасындағы алшақтық осылайша өзгеріссіз қала береді, - деп түйіндеді білім саласының ардагері Қаратай Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы