Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын іске асыру аясында «Этно Fashion» ұлттық киімдер фестивалі өтті.
Фестивальде әдемі ою-өрнек, жұқа кестелер әсемделген этностильдегі киімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақ киімінің бар әсемдігін паш ететін шарада өңір аудандары белсенділік көрсетті. Фестиваль шарты бойынша әр делегация үш костюм ұсынды. Күнделікті, мерекелік, ерекше жағдайлар үшін олардың бәрі бірегейлігімен, әсемдігімен таң қалдырды. Дефиле кезінде көрермендер белгілі бір киімнің пайда болу тарихын және оның мақсатын біле алды. Этнографтардың пікірінше, қазақ келінінің костюмі – ерекше құбылыс. Ол ерекше әдемі, ондағы барлық бөлшектердің мағынасы бар. Конкурсқа ақ түс, алтын әрлеумен көмкерілген көйлек, қамзол, шапан, сәукелені ақкөлдіктер алып келді, – дейді «Ақай» сән үйінің директоры Ғалия Алдабергенова.
Ұлттық киім – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Оны тігу барысында матаны таңдаудан бастап өрнекті безендіруге дейінгі элементтердің барлығында ұлттық салт-дәстүр, өмір салтымыз көрініс береді.
Фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орынды Жақсы, екінші орынды Жарқайың, үшінші орынды Ақкөл аудандары иеленді. Көрермендер көзайымы жүлдесін Ерейментау ауданының коллекциясы жеңіп алды.
Коллекциямыздағы үш образ да Қостанай қаласының «Сұлтан» ательесінде тігілді. Костюмдер күнделікті киюге арналған. Дизайнер Мәлика Тілемісова ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлесімді түрде біріктірген. Бүгінде қазіргі заманға лайықталып тігілген ұлттық киімдерге сұраныстың артып келетіні қуантады, – деп атап өтті Жақсы аудандық мәдениет үйінің директоры Жамал Ағжанбаева.