Көкшетауда қазақ тілін тегін үйрететін клуб ашылды

10 Ақпан 2023, 15:10
1747
Бөлісу:
Көкшетауда қазақ тілін тегін үйрететін клуб ашылды
Фото: «Жастар Рухы» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалы

Көкшетауда мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер үшін тегін клуб ашылды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

«Аманат» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының кеңесшісі Маржан Мускина тіл үйретуде оқытудың жаңа форматы қолданылатынын атап өтті.

Өкінішке қарай, жастар арасында әлі де мемлекеттік тілде еркін сөйлемейтіндер бар. Сондықтан «Сөйле» speaking клубын іске қосу идеясы туындады. Мұндай орталықтар 12 өңірде ашылды. Бізге негізінен студенттер жазылды, оқушыларды шақырмадық, өйткені олар үшін қалада қазақ тілін үйрену бойынша басқа жобалар бар. Мысалы, Достық үйінде «Шаңырақ» тіл клубы жұмыс істейді. Мұндай жұмыс мектептен тыс басқа білім беру мекемелерінде де жүргізілуде. Сабақтар аптасына екі рет жастарға ыңғайлы уақытта 19.00-де өткізіледі. Әлеуметтік желілерде хабарландыру берілді. Курсқа 25 адам жазылды. Әлі де хабарласып, келгісі келетіндер көп», – деп бөлісті Маржан Мускина.

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 1 курс студенті Даниил Спильный қазақ тілін білу деңгейін арттыруды мақсат етіп отыр.

Мен неміс ұлтының өкілі ретінде мемлекеттік тілді білуге міндеттімін. Клуб маған қазақ тілін үйренуде белсенді болуға көмектеседі. Бұл қазақ тілін жылдам әрі оңай меңгергісі келетіндер үшін тамаша мүмкіндік. Әрі нәтижелерді де көріп отырмын, бірнеше сабақтан кейін достарыммен қазақ тілінде тілдесе бастадым. Көптеген сөз тіркестерін жаттап алдым, сәлемдесу сөздерін білемін, күнделікті қолданыстағы сөздерді де түсіне бастадым. Уақыт өте келе сөздік қорымды кеңейтіп, қазақ тілінде емін-еркін сөйлесе аламын деп үміттенемін. Әрине, мемлекеттік тілді меңгергендер көп болуы үшін таныстарымды да тіл үйрену клубына шақырамын, – деп атап өтті студент.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келешекте тіл үйренудің авторлық әдістемелерін меңгерген оқытушыларды ғана емес, сонымен қатар қызықты тұлғалар, атақты спортшылар, талантты жастар, қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген өзге ұлт өкілдерін тарту идеясы бар. Ауызекі сөйлеу стилі, сөздік қорды кеңейтуге және ұлттық дәстүрлермен танысуға баса назар аударылады. Сонымен қатар грамматика, жазу және оқу үйретіледі.

Арнайы курсты қазақ тілін жетік меңгерген, құрылыс-техникалық колледжінің оқытушысы Алена Малькова жүргізеді.

Өзім қазақ тілін Зеренді ауданының Троицк орта мектебінде үйрендім. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді оятқан - ұстаздарым. 6-сыныптан бастап қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері арасында өтетін конкурстарда өнер көрсеттім. Аудандық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болдым. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясында білім алдым, – деп бөлісті оқытушы.

Алена Юрьевна қазақ тілін оқытудың тиімді әдістерін атады. 

Теория мен практикалық сабақтар біріктірілген. Театр, кино, концерттерге бару, ойын фомасында сабақтар өткізу, тренингтер мен кездесулер жоспарланған. Біз еркін форматта оқытамыз. Спектакльдерге барамыз, челлендждерге қатысамыз. Негізінен ауызекі тілге баса назар аударылады, шағын топтарда жұмыс істейміз. Жастардың қызығушылығын ояту үшін қазақ тілін лайфхактардың көмегімен үйренетін боламыз. Қазақ мәдениетімен танысу үшін түрлі жерлерде іс-шаралар мен сабақтар, мемлекеттік тілде экскурсиялар өтетін мұражайларға, кітапханалардағы кітап және тақырыптық көрмелерге бару және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланған. Менің ойымша, 6 ай ішінде мақсатқа ұмтылу және ізденістің арқасында қатысушылардың қазақ тілін жақсы деңгейде меңгеру мүмкіндігі бар, – деп түсіндірді мұғалім.

Ол барлық тілек білдірушілерге қазақ тілін толық меңгеруге және сенімді сөйлеуге мүмкіндік беретін лайфхактарымен бөлісті.

Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың міндеті, ең болмағанда ауызекі сөйлеу деңгейін білуге күш салу керек. Сонымен қатар, әдістер де бар. Мен тіл үйренушілерге өз бетімен айналысуға кеңес беремін. Өткен материалды қайталап, дүкенде, колледжде, қоғамдық көлікте жаңа сөздерді қолдануға тырысу керек. Осылайша теориялық материал бекітіледі. Гаджеттердің көмегімен заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану үшін телефонға арнайы қосымшаларды жүктеп, қосымша жаттығулар жасауға болады. Қазақ фильмдерін, субтитрлері бар сериалдарды көру, қазақ спектакльдерін көру сөздерді есте сақтауды едәуір жеңілдетеді, – дейді Алена Малькова.

Ол атап өткендей, мектептерде балалар үзіліс кезінде бір-бірімен орысша сөйлеседі. Ата-аналардың көбі үйде балалармен орыс тілінде сөйлеседі. Мемлекеттік тілге, ел тарихына құрмет, патриотизм отбасынан басталады. Қоғамдық орындарда көпшілік орыс тілінде сөйлейтінін байқаймыз, бұл әдетке айналды. Сондықтан бірте-бірте қазақ тіліне көшу керек. Кем дегенде мемлекеттік тілде сәлемдесуден бастау керек. Қоғамда мемлекеттік тілде сөйлеу мәдениеті қалыптасуы тиіс. 

Сондай-ақ, жастарды қазақ тілінде сөйлеуге шақыратын роликтер, әлеуметтік желілердің заманауи платформалары арқылы мемлекеттік тіл мәртебесін насихаттайтын танымал тұлғаларды тарту қажет. Айталық, жас актриса Татьяна Турлайдың әзіл арқылы материалды ұсыну форматы қызықты. Ол жастардың назарын қазақ тіліне аудара отырып, өзінің де мемлекеттік тілді жақсы меңгергенін көрсетеді. Осындай жағымды және тартымды контент арқылы кейбір сөздер, қарапайым сәлемдесу тіркестері жастардың жадында қалады. Бұл да нәтиже береді. Ең бастысы, материалдар мазмұнды және пайдалы болғаны дұрыс. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді білмеу – құлықсыздық пен жалқаулықтан деп санаймын. Кез келген мәселеде күш-жігер мен қажырлы еңбектің арқасында нәтижеге қол жеткізуге болады, – деп атап өтті ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы