Көкшетауда букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған сәт видеоға түсіп қалған

26 Наурыз 2022, 22:00
1567
Бөлісу:
Көкшетауда букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған сәт видеоға түсіп қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетауда букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасап, кассадан 1,1 миллион теңге ақшаны ұрлап кеткен күдікті ұсталды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қарақшылық шабуыл 22 наурызда болған. Бұл туралы Көкшетау қалалық полиция басқармасына 22 жастағы әйел хабарлаған. Кассирдің сөзінше, түнгі сағат 04:50 шамасында кеңсенің ішіне пышақпен қаруланған жас жігіт баса-көктеп кірген. Қаскөй бетін медициналық маска және шарфпен тұмшалап жауып алған. Кассир мен күзетшіні пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Кейін касса және сейфтегі бар ақшаны алып, ізін суытқан.

Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы барды. Болған оқиға туралы ақпарат барлық нарядтарға ескертілді. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тәртіп сақшылары күдіктінің қай бағытта жасырынғанын анықтады. Күдікті №6 стационарлық бекеттің жанында полиция қызметкерін көріп, пышақ, шарф, қолғабын лақтырып, тұрғын үйдің кіреберісіне тығылуға тырысты. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аға лейтенанттар А.Балтин, Е.Тұрсынбаев, Б.Көшкенбай Пушкин көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінде Зеренді ауылының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Ол жоғары қабатқа көтеріліп, шатырда полиция қызметкерлерінен жасырынбақшы болды, – деді ведомстводан.

Өзгелердің жаңалығы