Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Көкшетауда қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспейтіні айтылды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Көкшетауда қоғамдық көлікте жол жүру тарифін көтеру мәселесі қызу талқылануда. Қала тұрғындары жол жүру бағасының өсетініне алаңдаулы.
Қоғамдық көлікте жол жүру тарифінің көтерілуінің негізгі себептері инфляция, жанар-жағармай материалдары бағасының өсуі болып отыр.
Жобада жолақы қолма-қол ақшамен ересектер үшін 200 теңге, балалар үшін 100 теңгеге, карталар бойынша 120 және 50 теңгеге өсетіні көрсетілген.
ТКШ бөлімінің техникалық қадағалау секторының меңгерушісі Ерболат Серікпаев атап өткендей, Көкшетауда жолаушылар тасымалымен «Көкшетау автобус паркі» ЖШС, «Сейнұр» ЖШС, «BusKokshe» ЖШС айналысады.
«Жыл басынан бері елімізде дизель отынының бағасы бөлшек сауда нарығында 20%-ға, ал өндіруші кәсіпорындарда 24%-ға өсті. Бензин бағасы бөлшек саудада 17,4%-ға, ал өндіруші кәсіпорындарда 23%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, Көкшетауда білікті автобус жүргізушілерінің тапшылығы бар екенін айтқым келеді. Жүргізушілердің негізгі құрамы Кеңес заманындағы тәжірибесі бар кадрлардан тұрады және олардың саны жыл сайын азайып келеді», – дейді Ерболат Серікпаев.
Оның айтуынша, кәсіпорындарда зейнет жасына дейінгі жүргізушілер мен зейнеткерлер жұмыс істейді, жастар келмейді.
Тасымалдаушылар тарифті көтеруге мәжбүр екенін алға тартты. Алайда 120 теңгенің орнына 100 теңгеге тоқтау туралы ұсыныс айтылды.
«Көкшетау автобус паркі» ЖШС Бас директоры Әсия Шәрімова маршруттарды тасымалдауды ұйымдастыру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі әлеуметтік бизнес екенін атап өтті.
«Мемлекет тасымалдау үшін субсидиялар бөледі, бұл ретте кестелер мен тасымалдау схемаларын ТКШ бөлімі атынан мемлекеттік органдар жасайды, олар конкурс жариялайды, біз өз тарапымыздан барлық талаптарды орындаймыз. 2019 жылы біз өз есептеулерімізді бердік, біздің тарифтер 80 теңгеден әлдеқайда жоғары, 150 теңгеден 350 теңгеге дейін. Айырмашылықты бізге жергілікті атқарушы орган төлейді. Бұл көлік туралы заңда жазылған. Біз өткен жылы тарифтерді көтеруді ұсындық, бірақ содан кейін мораторий жарияланды. Заңнамада егер тасымалдаушының шығындары 10% - дан астам өскен болса, онда біз тарифті көтеруге құқығымыз бар деп жазылған», - деп түсіндірді Әсия Шәрімова.
Ол атап өткендей, 2017 жылы жанар-жағар май литрі 139 теңге болды, бүгінгі күні 257 теңгені құрайды.
«Сонымен қатар, көліктің қосалқы бөлшектері, май, дөңгелектердің бағасы бақыланбайды, олар айтарлықтай қымбаттады. 80 теңге біздің барлық шығындарымызды жаппайды. Сонымен қатар, біз субсидиялауды толық емес көлемде аламыз. 4 тасымалдаушының біреуі банкротқа ұшырады. Қазір қала маршруттарында автобустар аз, бүгінде 132 жүргізуші жетіспейді», - деп атап өтті Әсия Шәрімова.
Ол жүргізушілерді даярлау мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келетінін алға тартты.
«D 1-де оқуыңыз керек, содан кейін үш жыл жұмыс істеуіңіз керек, содан кейін ғана сіз D санатын аласыз және автобустарда жұмыс істей аласыз. Сондықтан бізде жаңа жүргізушілер ағыны жоқ. Өзім бірнеше жылдан бері жұмыспен қамту орталығында комиссия мүшесімін. Парадокс мынада: оқуға немесе қайта даярлауға тиісті мамандықтардың тізімі министрліктен түседі және жүргізушілер санаты жоқ. Бізде сұранысқа ие мамандықтардың аймақтық картасы жоқ, - деп нақтылады кәсіпорын басшысы.
Қалада еліміздің кей өңірлеріндегідей зейнеткерлер, сондай-ақ оқушылар карточкалармен тегін жүре алатын әлеуметтік жеңілдіктер атымен жоқ.
«Біз бағаның өсуі мүмкін екенін түсінеміз. Бірақ өкінішке орай халықтың жалақысы өспейді. Қоғамдық көлікпен қатар таксимен тасымалдау тарифтері көтеріледі, сондай-ақ азық-түлік бағасы да шарықтайды. Жылу бағасы қымбаттады. Мұның бәрі халықтың ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі буынына әжептәуір салмақ салып отыр. Бүгінде ең төменгі жалақы 60 мың теңгені құрайды, бұл жалақының 16% - ы жолға жұмсалады. Қалған ақшаға қалай тамақтанып, киінуге, оқуға болады? Тасымалдаушылар әлі де іскерлік ортаға жатады. Бұл мәселені қала тұрғындарының есебінен шешу дұрыс емес деп санаймын»,» – деп атап өтті Қазақстан Халық партиясы ҚБ Ақмола облыстық филиалының төрайымы Лариса Луговская.
Жобада көрсетілгендей, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолақы 33%-ға көтеріледі. Алайда, бүгінде көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер туралы айтпағанда, қарапайым халыққа жалақыға өмір сүру өте қиын.
«Ересек адам жұмысқа жету үшін 4 рет қоғамдық көлікпен жүреді делік. Күніне 320 теңгеден шығады, оның 30 күнге көбейтеміз. Бұл бір ересек адамның бюджетінен айына 9600 теңге. Егер бір бала мектепке барса, 2 400 теңге шығады. Тек жол жүру үшін 12 мың теңге бір отбасының бюджетіне ауыртпалық түсіреді, Ал бала-шағасы көп отбасылар қайтпек? Неге қарапайым адамдар зардап шегуі тиіс? Астанада тариф бағасы неге көтерілмейді? Бензин бағасы барлық жерде бірдей. Неліктен өндірісі жоқ қалада бәрі қымбаттайды? Сонда бізде ең бай адамдар тұра ма?», - деп наразылық білдірді бастамашыл топ өкілдері.
Иә, қандай да бір себептермен Көкшетауды Астанамен жиі салыстырады. Алайда елордадағы жалақы мүлдем басқа, карточкамен жүру құны 90 теңге. Сонымен қатар, картаны сатып алудың қажеті жоқ, QR-код арқылы төлеуге болады, Өкінішке орай, бізде мұндай жүйе әлі жоқ.
«Тариф бойынша көпшілік пікірімен келісемін. Картамен және қолма-қол есептеудегі айырмашылық өте үлкен. Дегенмен QR-төлем бүгінгі күні-өте ыңғайлы жүйе, онда ешқандай үзіліс жоқ, бұл қандай да бір делдалсыз, сол автобус паркіне бюджеттің тікелей түсуі», – дейді «Bus Kokshe» ЖШС өкілдері.
Қоғам белсенділері автобустардың жұмыс уақытын ұзарту туралы ұсыныс білдірді. Егер жол жүру құны қымбаттаса, сапа мен жүйелілік болуы керек. Иін тірескен адамның көптігін айтпағанда, қоғамдық көліктердің кешкі сегізде тоқтауы жұртшылықтың наразылығын туғызып отыр.
«Тарифтердің өсуі халықтың әлеуметтік осал тобы санаалатын зейнеткерлер, балалар, студенттер, көпбалалы аналар, мүгедектерге едәуір ауыртпалық түсіреді. Азық-түлік, киім-кешек, барлық коммуналдық қызметтер бойынша тарифтер қымбаттады. Тарифтердің өсуі қалыпты жағдай екенін түсінеміз. Әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін жол жүру құнын арттыруға қатысты мәселе әлі де егжей-тегжейлі талқылануы керек деп санаймыз. Біз жұмыс комиссиясын құруды және осы тақырыпты одан әрі зерттеуді ұсынамыз», - деп түйіндеді қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Кәкенов.