ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек солтүстік өңірдегі жетекші білім және ғылым орталықтарының бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 60 жылдық мерейтойына қатысты, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Оқу орнының 60 жылдық мерейтойын мерекелеу С.Сәдуақасов атындағы агротехникалық институтының құрылыс алаңында «уақыт капсуласын» салтанатты түрде салу рәсімінен басталды. 2023 жылы 250 орындық және 2024 жылы 250 орындық жаңа студенттер жатақханасын салу жоспарланып отыр.
Көкшетаудағы Достық үйінің ғимаратында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ақмола облысының тұрғындарымен кездесуі өтті. Оған жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, кәсіпорын өкілдері, медицина қызметкерлері қатысты.
Министр өңір жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтап, ғылым мен жоғары білім саласындағы өзгерістер туралы айтты.
«Министрлік қазір шешіп отырған мәселелер – еңбек және білім нарығын үндестіру, сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеу, сараланған грантты енгізу, жатақханалармен қамтамасыз ету және ғылымды дамыту», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Өңір жұртшылығы ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру, академиялық шеберлік орталығын дамыту, өңірде ғылымды дәріптеу мәселелерін алға тартты.
Министр профессорлық-оқытушылар құрамының жалақысын арттыру күтіліп отырғанын, «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша жас ғалымдарды тартуға 1000 грант бөлінгенін мәлімдеді.
Кездесуден кейін Саясат Нұрбек облыс тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ондаған жылдар бойы жоғары білікті кадрлардың ұстасы бола отырып, еліміздің экономикасын, мәдениетін, ғылымы мен білімін дамытуға зор үлес қосып келеді.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында Ualikhanov University вымпелі Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары арасында алғаш рет Халықаралық ғарыш станциясында болды. Атаулы пошта маркасы шығарылып, университет тарихы туралы кітап жарық көрді.
«Тарихы мен тағылымы мол оқу орнының өскелең ұрпақ тәрбиелеуге сіңірген еңбегі зор. Университет тек білім ордасы ғана емес, ғылым орталығы ретінде қалыптасқан жетекші оқу орындарының бірі екені баршаға мәлім. Осынау мәртебелі миссияны абыроймен атқарып келе жатқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін!»–деді өз құттықтауында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Қазіргі уақытта университет көпсалалы колледж, бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтитын жоғары оқу орны. ЖОО 58 бакалавриат және 40 магистратура, 10 PhD докторантура мамандықтары, 10 салада 28 бағыт бойынша білім береді. Оқу орнында 410 оқытушы-профессорлар еңбек етеді. 37 оқытушы үздік оқытушы грантының иегері, 38 оқытушы «Болашақ» стипендианты атанып отыр.
«Бүгінгі таңда Ualikhanov University – тұлғаның зияткерлік, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қалыптастыратын жетекші өңірлік университет. Оқу орны бакалавриат-магистратура және докторантура жүйесінде мамандарды көп деңгейлі даярлауды жүзеге асырады. Университет таяу және алыс шет елдердің жетекші университеттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Студенттер, магистранттар мен оқытушылар «Болашақ», «Темпус» бағдарламалары бойынша білім беру гранттарын ұтып алады. Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Малайзия, Ресейдің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында оқудан және тағылымдамадан өтеді. Осы жылдар ішінде біз педагогикалық білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Соның арқасында оқу орны елдегі жетекші университеттер арасында лайықты орын алып отыр», - деп атап өтті университет ректоры Марат Сырлыбаев.
Көкшетау қаласының мемлекеттік архивінің деректеріне үңілсек, 1962 жылы 25 шілдеде Көкшетауда тұңғыш жоғары оқу орны – педагогикалық институтты ұйымдастыру туралы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысы қабылданады.
60 жыл бұрын еліміздегі жаңа жоғары оқу орны –Көкшетау педагогикалық институтының есігі алғаш рет ашылды. Бұл оқиға қаламыз үшін маңызды оқиға болды. Алғашқы кезде 150 студент білім алды.
Алғашқы білім ғимараты қаланың солтүстік-батыс аумағында пайда болды. Кабинеттер, зертханалар ашылып, студенттер жатақханасының жабдықтары алынды. Бес жылдан кейін оқу және өндірістік ғимараттар алаңы екі есеге өсті, жеті зертхана мен он бір кафедра ашылды. Бастапқыда студенттерді орналастыру мәселесі өткір тұрды. Осыған байланысты алдымен 590 орындық, содан кейін 600 орындық жатақхана салынды.
1965 жылы 29 наурызда институтқа ғалым-ағартушысы Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. 1996 жылы Қарағанды политехникалық институтының Көкшетау филиалы, педагогикалық, ауыл шаруашылығы институттары базасында Ш.Уәлиханов атындағы университет құрылды.
«Оқу орнында Tempus IV, Erasmus Mundus, Erasmus+сияқты халықаралық еуропалық іске асырылуда. Осы жылдар ішінде ниверситет туризм, әлеуметтік жұмыс, экология және қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын басқару, еуропалық деңгейдегі Мансап орталығын құру саласында Tempus IV алты бірлескен білім беру жобасын сәтті жүзеге асырды. Соңғы бес жылда университетте Испания, Германия, Болгария, Ресейдің жоғары оқу орындарынан 26 ғалым тартылды, ал Балеар аралдарының профессоры Висенте Рамос Мирдің дәрістері инновациялық жобаларды бизнес-жоспарлауға және туризм индустриясын басқаруға арналды. Постдам университетінің профессоры Питер Коста ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушыларымен және докторанттарымен жұмыс істеді. Қытай тілін оқыту үшін Шанхай политехникалық университетінің оқытушысы шақырылды», - дейді оқу орнының проректоры Ғалым Байтоқ.
Әр жылдары оқу орнын басқарған ректорлар сол тұстағы еңбек-тәжірибелерімен бөлісті.
Оқу орнындағы медицина факультетінің де өзіндік тарихы бар.
«Алдымен аймақтағы медициналық кадрлардың тапшылығы алаңдатты. 2018 жылы біз жалпы медицина факультетін аштық. Бүгінде мұнда 420 студент қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытылады. Үндістан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты шет мемлекеттерден студенттер білім алуда. Университеттің Еуропа және Еуразия Жоғары білім қауымдастығының мүшесі болғанын айрықша атап өткім келеді. Алғаш рет 6 білім беру бағдарламасы халықаралық, 43 білім беру бағдарламасы институционалдық аккредиттеуден өтті. Университетті басқарған жылдары университеттің 24 кафедрасында 300-ден астам білікті оқытушылар еңбек етті», – дейді оқу орнының бұрынғы ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров.
Ол атап өткендей, университетте ғылымды дамыту бойынша іс-шаралар қарқынды іске асырылды. Алғаш рет «Математика», «Тарих», «Филология», «Экология», «Агрономия» мамандықтары бойынша PhD докторантурасы ашылды. Техникалық бағыт бойынша оқу-зертханалық база толығымен жаңартылды. Соның нәтижесінде халықаралық талаптарға сәйкес әртүрлі мамандықтар бойынша 36 жаңа оқу-ғылыми зертхана құрылып, пайдалануға берілді.
«Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы үшін 26 пәтерлі «Ғалымдар үйі» салынып, тапсырылды. 310 орындық жатақхана салынды. Алғаш рет электронды бақылау және басқару жүйесі енгізілді, оның көмегімен ата-аналар университет сайтында студенттердің жетістіктерін онлайн бақылайды. Бұл жүйеге авторлық куәлік берілді. Аудиториялардың, университеттің оқу ғимараттарының және оған іргелес аумақтардың сыртқы келбеті оқу орнының мәртебесіне сәйкес келуін қадағаладым. Облыс орталығының ірі кәсіпорны – «Гормолзавод» ЖШС-де оқу зертханасын ашу жетістік деп санаймын. Осылайша біз жетекші зауыттарда кафедралар құрдық, студенттер мен магистранттардан сабақ өткізу үшін тікелей өндірушілерді қатыстырдық», - дейді Әбдімүтәліп Әбжаппаров.
«2011 жылы отызға жуық жаңа оқу зертханалары ашылды, бас ғимараттың кіре берісі толығымен жаңартылды. Сол жылы «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша алыс шетелдік жоғары оқу орындарына студенттер, магистранттар мен оқытушылар жіберілді. Оқу орнында халықаралық ынтымақтастық департаменті ашылып, оны талантты жас, ғылым кандидаты, ағылшын тілін жетік меңгерген доцент Белла Газдиеваға басқаруды тапсырдым. Қазір ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының Көкшетаудағы Ақмола филиалын басқарады», - деп еске алады оқу орнын басқарған Найман Бөбейұлы.
Салтанатты шара барысында көпжылғы жемісті еңбегі үшін оқу орнының бірқатар оқытушылары мерейтойлық медальдар, Құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталды.
Әсем Ұланқызы
Фото: автор