Көкшетауда 5 жасар баланы көлік қағып кетті. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, 20 шілде күні сағат 18.52-де Көкшетау қаласы полиция басқармасына дәрігерлерден ауыр соққыдан зардап шеккен 5 жасар баланың ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.
Ол жабық бас-ми жарақатын алған, миы шайқалған, төменгі жағы сынған, төменгі ерні жырылған.
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары орталық базар аумағында 5 жасар баланы көлік қағып кеткенін анықтады.
Жол-көлік оқиғасына кінәлі азамат – Солтүстік Қазақстан облысының 49 жастағы тумасы. Тексеру барысында анықталғандай, Toyota Avensis жүргізушісі базар аумағынан шығып бара жатып, баланың жолға қалай жүгіріп шыққанын көрмеген және соққының салдарынан бүлдіршін артқа қарай ұшып кеткен. Бала ата-анасының артынан жүріп келе жатқан.
Осы фактіге қатысты полицейлер Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сараптама тағайындалды.