Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Көкшетау шаһары алып құрылыс алаңына айналды. Пандемияға қарамастан Қопа көлінің жағалауында абаттандыру жұмыстары қызу жүруде.
Көкшетаулықтар көптен күткен нысандардың бірі – Назарбаев даңғылы бойындағы жағалау құрылысы аяқталуға жақын. «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС басқарушы директоры Бекболат Тұрғынбаевтың айтуынша, қан орталығынан ескі әуежайға дейінгі аралықтағы нысандар 85% дайын.
Жағалаудың ұзындығы 1,3 шақырымнан асады және осы аумақ қоғамдық жағажай, амфитеатр, спорттық жаттығу, балалар ойын алаңдары, ересектер демалатын орын сияқты бірнеше демалыс аймағына бөлінеді. Ақ жағажай құмы бар 500 орындық амфитеатр қала тұрғындары мен туристердің сүйікті орнына айналары сөзсіз. Сондай-ақ, жасыл аллеялар, веложолдар, бақылау алаңдары, қайықтарға арналған пирстер, футбол және баскетбол, балалар ойын алаңдары, скейтбордқа арналған орын, биодәретханалар да қарастырылған. Скейтбордтарда сырғанау, автокөлік қоюға және жәрмеңкелер мен көше мерекелерін ыңғайлы жолдармен өткізуге арналған орын да жоспарланған, - дейді ол.
Сондай-ақ, көл жағалауында 1,5 мың балаға арналған оқушылар сарайы салынуда. Онда жасөспірімдердің пайдалы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Жобаның бірінші кезеңінде «Көктем» шағын ауданынан Кенесары көшесіне дейінгі жағалау учаскесі абаттандырылады. Құрылыс жұмыстары осы күзде аяқталады деп жоспарланған.
Мердігер ұйым директоры Бекболат Тұрғынбаевтың айтуынша, жағалаудағы абаттандыру осы жылдың наурыз айында басталған. Қазір құрылыс жұмыстарына 200-ден астам адам, оның ішінде энергетиктер, жол құрылысшылары, дәнекерлеушілер, шебер-әрлеушілер тартылған.
Бұл көкшетаулықтарға арналған жалғыз сый емес. «ПавлодарЭнергоМонтаж» компаниясы өз есебінен жағажайда қоғамдық тамақтану пунктін орнатады, бүкіл аумаққа жағажай құмы себіледі. Қазір амфитеатр және пирстердің бірі қолданысқа дайын, бақылау алаңының дайындық деңгейі 65%, спорттық аймақтар – 80%, аллеялар – 85% құрап отыр, - дейді мердігер ұйым басшысы.
Жоба құны – 1 млрд 542,9 млн теңге. Қаражаттың негізгі бөлігі Үкімет резервінен, 170 миллионы облыстық бюджеттен бөлінген.
Жағалау аймағын дамыту жоспарының бірінші кезеңін іске асыруға 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, қалада жолдар, көпірлер және әлеуметтік нысандар салынуда. Жақын күндері Назарбаев даңғылындағы автомобиль көпірі ашылады деп күтілуде. Аллеялар мен скверлерді абаттандыру жалғасуда. Облыс орталығында 4 шақырымға жуық жылу желісі ауыстырылады. Бұл мақсатқа 2 миллиардтан астам теңге қаражат бөлінді.