Көкшетауда Ауған соғысы құрбандарына арналған көрме ашылды

5 Ақпан 2019, 21:05
6264
Бөлісу:
Көкшетауда Ауған соғысы құрбандарына арналған көрме ашылды
PHOTO

Ақмола. Baq.kz тілшісі. Ауған соғысы... Біз ол туралы қаншалықты білеміз? Көкшетаудың тарихи-өлкетану музейінде Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толуына арналған көрме ашылды.

«Уақыт бізді таңдады...» деп аталған көрмеге қойылған құжаттар, фотосуреттер, өрімдей жастардың өмірге құштарлықпен қарап тұрған бейнелері адамды ойлантпай қоймайды.

«Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – солақай саясаттың құрбаны болған жастар жайлы мағлұмат беру. Жат жердегі соғыстың тарихи маңызын анықтау. Отан алдындағы парыз, туған жер үшін өз-өзін құрбан ету сияқты қасиетті борыштың не екенін кейінгі толқынға үлгі ету», - дейді музей директоры Қуаныш Шақшақов.

Көкшетауда Ауған соғысы құрбандарына арналған көрме ашылды

18 жасында шекарашылар қатарында Ауғанстанға аттанған Болат Шәріпов жат жерде көрген қасірет ешқашан ұмытылмайтынын айтады.

Көкшетауда Ауған соғысы құрбандарына арналған көрме ашылды

«Ол қасірет қалайша ұмытылар? Өрімдей бозбалаларды таулары түнеріп, аңызақ желі күні-түні ұйытқып тұратын айдалаға апарып тастады. Тұтқиылдан төбеден жауған снаряд оқтары, жарылыстар, бөлшектеніп қалған достарыңның денелері... Басында тек шекараны күзетеміз деген бозбалалар соғыс жүріп жатқан аймаққа түсеміз деп еш ойламадық. Жеркепеде жатып, түрлі тапсырмалар мен ұрыс операцияларына қатысып, қарсыластарды шекарадан бері асырмау бұйрығын бұлжытпай орындау міндеті қойылды. Біздің отряд Мармоль шатқалында, шекарадан жүз шақырым жерде орналасты. Базада 50-ге жуық сарбаз болды. Қажетті азық-түлікті тікұшақпен жеткізіліп тұратын. Бірде ұзақ уақыт тұз әкелінбей сарбаздардың қатты қиналғаны бар. Жат жерде сарбаздар түрлі дерттерге, жұқпалы ауруларға да шалдықты. Денеге түскен шағын сызат бірден іріңдеп кететін. Сарбаздар аптап ыстықтың азабын тартты. Шөл даланың аңызақ желі мен құм аралас шаң-тозаңның да денсаулыққа тигізген зияны көп. Суының сапасының төмендігінен іш құрылысына зақым келгендер де жетерлік», - деп еске алады Болат Шәріпов.

Көкшетауда Ауған соғысы құрбандарына арналған көрме ашылды

Он жылға созылған соғыс талай қазақтың шаңырағын шайқалтты. Әскер қатарына алынған бозбалалар тек Отан алдындағы борышын өтеудің маңызына ғана бойлады.

«Бұл соғыс көптеген отбасыларына мырыш табыттар, аяқ-қолсыз, зағип болып қалған жарымжан жандарды қайтарды. Ауған соғысына 1113 ақмолалық қатысса, олардың 61-і елге оралмады. Қаншама жастың жүйкесі сыр беріп, өмірден баз кешті. Жат жерде жүру, адам төзгісіз қиындықтармен бетпе-бет келудің азабы өз алдына бір тарих», - дейді Ақмола облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай.  

Әсем Ұланқызы

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы