Көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу қойылады

11 Наурыз 2023, 09:28
2119
Бөлісу:
Көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу қойылады
Фото: автордан

Елде су маржандарының кейбір түрін экспорттауға шектеу енгізілмек. Әзірге көксерке мен жайын балығын жарты жыл бойы шетелге шығаруға тыйым салу қарастырылуда, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары балық көрші елдерге шикі күйінде жөнелділеді. Ал шикізатты тиімді бағада сатып алған мемлекеттер, одан өнімнің түр-түрін жасап, өзімізге кері сатады. Импортталған балық өнімінің бағасы екі-үш есе қымбат бағада келеді. Сол себепті биліктегілер шикізаттың құнын түсіріп, далаға шашпай, жергілікті жердегі өндірісті дамыту қажет деп есептейді. 

Өзгерістің нақты қашан енгізілетіні белгісіз. Қазір бұйрық жобасы талқыланып жатыр. Мақұлданса, ең алдымен көксерке мен жайын балығын шетелге шығару жарты жылға тыйылады. Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы, бұл тізімге қаракөз бен шортанды да қосу керек деп есептейді. 

Өткен жылдың қараша айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облсына іс-сапармен келді. Сол кезде балық шаруашылығы саласында бірқатар өзекті мәселе көтерілген болатын. Соның ішінде елден көрші мемлекеттерге шығарылатын балық өнімдеріне шектеу қоюды қарастыруды тапсырған. Осыған орай тиісті министрлікпен жұмыстар жүргізіліп, шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл шектеулер біртіндеп жүзеге асатын болады. Бұған балық шаруашылығы субъектілері дайын болу керек,-дейді Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы. 

Көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу қойылады

2022 жылы Атырау облысы бойынша 7570 тонна балық экспортталған. Соның ішінде 6300 тоннасы мұздатылған балық, яғни шикізат есебінде жөнелтілген. Су маржандарының басым бөлігі Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Израиль және Украинаға шығарылады. 

Балық өз елімізде өңделіп шығатын болса, бұл үлкен табысқа әкеледі. Яғни кәсіпкерлердің табысы артпаса, кемімейді. Өңдейтін цехтар көбейсе, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жұмысты қолға алсақ біз отандық балық өнімімен ішкі нарықты да толық қамтып, импортқа тәуелді болмаймыз. Ел бойынша жыл сайын ауланатын балықтың 30 пайызы біздің Атырау облысына  тиесілі. Біз жайын мен көксеркеден бөлек, құнды деп есептелетін шортан мен қаракөзді де қосуды ұсынып отырмыз. Себебі шортанның уылдырығының өзін алатын болсақ, оның пайдасы қара уылдырықпен тең,- дейді А.Сәдібекұлы. 

Сала мамандары, шектеуден бизнес иелерінің кәсібі тұраламайды деп отыр. Себебі 2021 жылы елдегі облыстар мен қалаларға 5 мың тонна өнім жіберілсе, 2022 жылы сұраныс әлдеқайда артып, оның көлемі 6 мың тоннадан асқан.Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келе жатқан көрінеді.  

 

Көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу қойылады

Атыраулық кәсіпкер, Қарлығаш Утепова балық өнімдерін аулап, оны өндірумен 1999 жылдан бері айналысады. Қазір цехында өнімнің 30 дан астам түрі бар. Маусымдық қызметкерлерді есептемегенде, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын көрші мемлекеттерге 200-300 тонна балық экспорттап отырған ол, енгізілейін деп жатқан өзгеріске түбегейлі қарсы екенін айтады. Себебі шикізаттың өзін біз ең алдымен өңдейміз дейді. 

Негізі шектеуді шикі балықтарға қояды деді ғой. Бірақ, біз балықты аулай сала шетелге шығармаймыз ғой. Оның өзін біз әкелеміз, жуамыз, тазалаймыз, арнайы ыдыстарға саламыз, шоқ мұздатқыштарға саламыз, одан кейін 18 градусқа сақтауға қоямыз. Содан кейін барып экспортқа шығарамыз. Көрдіңіз бе? Үкіметтің шикі балық деп отырғаны, біз үшін өңделген балық. Оған қанша уақыт кетеді, су мен тоқ кетеді. Егер де өзеннен тікелей ауланып жөнелтілетін балық жайлы айтылса, ондай мен қарсы болмайтын едім. Бірақ біздің жасап отырған дүниені шикі балықтың қатарына қосып жіберуге болмайды. Мен ірі балықтарды экспортқа шығармауға қарсы емеспін. Себебі ол күнделікті тағам ретінде пайдалансаң, желінеді. Ал ұсақ балықтар желінбейді. Оған көп сұраныс жоқ. Сол себепті мен оған қарсымын, - дейді Қ.Утепова. 

Көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу қойылады

Атырау облысында балық шаруалығымен күнелтіп отырған 19 кооператив бар. Оның екеуі бекіре балығын өсіретін зауыт. Қалған 17 кооперативтің бәрі балық аулаумен және өңдеумен айналысады. Соның ішінде 2-3 кооператив ғана балықты терең өңдейді. Қалғандары мұздатып, сатады. 

Облыс аумағындағы 19 кооператив 4 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 620 адам маусымдық қызметте болса, қалғаны тұрақты түрде еңбек етеді.

Айта кетейік, балықты терең өндеумен айналысқысы келетіндерге (яғни балық сүбесін, кептірілген балық түрлерін, балық фаршын, балық котлеттерін және тағы басқа өнімдерді жасау), үкіметтен қолдау қарастырылған. Оған арнайы субсидия бөлінеді. Мысалы былтыр Атырау облысында бұл мақсатта 100 млн теңге қаржы қарастырылған екен. Алайда ол қолдау кеш енгізілгендіктен, қаржы игерілмеген. Биыл мемлекет 150 млн теңге бөліпті. Қазірдің өзінде балықты терең өңдеуге кіріссем бе деген азаматтардан өтініш түсіп жатқан көрінеді. Әзірге 3-4 тұрғын қызығушылық танытқан. 

 

Өзгелердің жаңалығы