Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірімізге арнайы келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге Қамбаш көлі мен Көкарал бөгетінің жағдайымен таныстық. Бұл мәселе облыс халқын тым алаңдатып отырғаны белгілі, деп жазды Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-тегі парақшасында.
Сырдария өзені орталық атырауының оң жағалауын алып жатқан Қамыстыбас өзен жүйесінің экологиялық және халықшаруашылықтық мәні зор. Соңғы жылдардағы судың аз болуы себебінен Сырдария өзені бассейні соңғы 2 жыл бойы «қоректенбеген». Көлдің тек жартысы ғана толып, су жағалаудан 200-300 метрге алыстап кеткен. Сол себепті, Мағзұм Мырзағалиевпен бірге жергілікті халықпен, мамандармен кездесіп, су проблемасына қатысты ұсыныстарды тыңдадық, - деп жазды облыс әкімі.Министр су шаруашылығы жағдайының қиындауына байланысты шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, Сырдария өзенінің Аманөткел ауылы маңында су торабын салу мәселесін қарауға тоқталды. Бұл Қамыстыбас және Ақшатау көл жүйелеріндегі су деңгейін ұстап, толтырып отыруға мүмкіндік береді.
Көкарал бөгетінің қазіргі уақытта бұзылған 135 метр жерін қалыпқа келтіру үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, аяқталуға жақын, мүмкіндігінше, биыл жұмысын бастауға тырысамыз. Жоба Көкарал бөгетін сақтап қалуға, осылайша, Кіші Арал теңізін де ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстарына байланысты орманшылармен кездестік.
Биыл «Аралмаңының экологиялық бағдарланған аймақтық дамуы» аймақтық жобасы басталып, оған Германияның экономикалық әріптестік және даму федералды министрлігі 8 млн еуро қаржы бөлгені, жоба 2024 жылдың маусым айына дейін Қарақалпақстанда, Өзбекстанның Хорезм облысында және Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылатын министр нақты атап өтті, - деді Әбдіқалықова.
Ғалымдар Аралдың экологиялық проблемаларын шешу жұмыстарына атсалысуға дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Арал табанында сексеуіл отырғызудың арнайы бағдарламасы қабылданбақ.
Оқи отырыңыз: