Көк тиын да қосылмаған. Депутат уәде етілген жалақы туралы айтты

6 Қыркүйек 2023, 11:21
3332
Бөлісу:
Көк тиын да қосылмаған. Депутат уәде етілген жалақы туралы айтты
VIDEO
Фото: ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы орманшылардың 1 шілдеден бастап көтереміз деп уәде етілген жалақысы өспегенін айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Абай облысында орман өрті болып ондаған азаматымыздан айрылған соң Экология министрі «орманшылардың жалақысы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі, Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын «ұмытып кеткен», - деді ол.

Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар маманы кірген.

Ал осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауылшық, кіші қызметкер, бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиын да қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп әдейі бүкіл қызметтің атауын тізіп шықтым, - деп айтты Нартай Аралбайұлы.

Мысалы, БҚО-ғы орман шаруашылығында қызмет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге айлық алады, одан және салық ұсталады.

Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбатшылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшылардың жалақысын өсіреміз» деген бастама айналып келгенде ұжымдарды екіге бөліп тастады. Біздің депутаттарға келген хатты Экология министріне жіберіп едім, сырғытпа жауап келді. Яки, «жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған, - деп айтты депутат Мәжілісте.

Сонымен бірге Нартай Аралбайұлы орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозғанын сөз етті. Айтуынша, тракторлар жүрмейді, көліктер баяғыда темір-терсекке айналған.

Бұл елдегі бүкіл орманшылардың арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасақталған бірі жоқ, - дейді депутат.

Ол мынадай ұсыныстарын жеткізді:
• Орман шаруалығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің айлығын дереу 100 процентке көтеру керек.
• Орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100 процентке жаңарту керек. Экология министрлігі бұл шаруаны тек 2027 жылы іске асырамыз деген. Бірақ 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу» бойынша тапсырма бергенін ескерсек, орманшылар аталған аумақтарды тілсіз жаудан немен қорғайды?
• Орман отырғызу жұмыстарын науқаншылықпен бастап кетпей алдымен топырақтың жарамдылығын тексеретін ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Мәселен, БҚО-да 1 мыңнан астам гектарға орман отырғызылады делінген, бірақ тексеру барысында ол жерлердің бестен бірі орман отырғызуға мүлдем жарамсыз екені анықталған. Бұл мәселе еліміздің барлық аймағына қатысты.

Өзгелердің жаңалығы