Көшербаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа жобалар қосылды

29 Қазан 2020, 17:23
11874
Бөлісу:
Көшербаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа жобалар қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ағымдағы жылғы 29 қазанда Ақорда да ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы онлайн форматта өткізілді.

Отырыста бағдарламаны 2020 жылы іске асыру нәтижелері және алдағы жұмыстың жаңа басым бағыттары қарастырылды. Кеңес барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атқарылған жұмыс жөнінде баяндады.

Іс-шара барысында жастардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамытуға байланысты жаңа бастамалары туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ. Мұтанов пен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саировтың ұсыныстары да талқыланды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы талқыланды. Әлемдік пандемия мен экономикалық дағдарыс көптеген шаралар мен жобалардың жүзеге асуына шек қойды, кедергі болды, басым көпшілігін алдағы күндерге жылжытуға тура келді. Кейбір шараның концепциясы қайта қаралды.

Бағдарлама аясында еліміздің руханияты мен тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жұмыстар кеңінен жалғасуда.

Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды деп айтты.

Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» екенін айрықша айтты. Яғни ұлттық сананы жаңғыртудағы осы саяси сабақтастықты негізге ала отырып, біз рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуына барынша күш-жігерімізді салып, ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге қызмет етуіміз керек, - деп атап өтті ол.
Осыған орай комиссияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деп шешім қабылданды.

Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа арнайы жобалар іске қосылды. Әлемде орын алған өзгерістерді ескере отырып, Бағдарламаға бірқатар жаңа арнайы жобалар енгізілді: «Үнем – қоғам қуаты» – прагматикалық өмір салтын енгізу, «Дәстүр мен ғұрып» – ұмыт болған, бірақ қазіргі уақытта өзекті дәстүрлерді жаңғырту, «Құқықтық мәдениет» – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, «Еңбек - елдің мұраты» – өнімді еңбекті ынталандыру, өскелең ұрпақ арасында еңбекке деген сүйіспеншілікті насихаттау - деді Мемлекеттік хатшы.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады.

Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты т.б кешенді іс-шаралар қамтылады.

Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы