Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін онлайн түрде «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын талқылау бойынша «дөңгелек үстел» өтті. Талқылауға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және Парламент депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Аида Балаеваның айтуынша, әзірленген заң жобасы – бұл барлық мүдделі тараптар, соның ішінде сарапшылар, заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлері кіретін жұмыс тобы мүшелерінің ұжымдық еңбегі. Сондай-ақ, ол заң жобасын әзірлеу кезінде қоғам өкілдерінің қағидаттық ұстанымдары толық ескерілгенін атап өтті.
Заң жобасына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар тобы айтарлықтай кеңейтіліп, олардың ішіне Қазақстан Республикасының азаматтары мен коммерциялық емес ұйымдар кірді.
Сонымен қатар, қоғам өкілдерінің ұсыныстары бойынша қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесіне бюджет қаражатын алатын заңды тұлғалар енген болатын.
Заң жобасында қоғамдық бақылаудың бірқатар маңызды қағидалары бекітілген, олардың ішінде алуан түрлі нысандар, адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау, жариялылық, ашықтық, қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың заңдылығы қамтылады.
Заң жобасын талқылау барысында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова заң жобасының азаматтық қоғам үшін маңыздылығын және қоғамдық бақылауды заңнамалық реттеу қажеттілігін атап өтті.
Заң жобасын әзірлеушілердің хабарынша, аталған заң жобасының ерекшелігі – ол мемлекеттік тілде әзірленуінде. Заңды әзірлеуге Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Құқық және салыстырмалы құқықтану ҒЗИ директоры, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев белсенді қатысуда.
Заң жобасы қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың негіздерін қамтиды және қоғам өкілдеріне қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысуы үшін барлық жағдай жасайды, - деп атап өтті Қазыбек Дәуіталиев.
Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров заң жобасының сапалы әзірленгенін атап өтіп, заң жобасы Парламент Мәжілісі қабырғасында қоғам өкілдерінің қатысуымен белсенді түрде талқыланатынына сенімін білдірді.
Сондай-ақ, талқылау барысында белгілі сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері Айгүл Соловьева, Зәуреш Батталова, Рахым Ошақбаев, Серік Беркамалов, Евгений Жовтис және басқалар сөз сөйледі.
Іс-шара соңында министр кездесудің барлық қатысушыларына заң жобасын әзірлеуге белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.