Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кофе ішіп отырған 10 мың адамды қысқарту керек: Депутат ерекше ұсыныс жасады

Бөлісу:
 t.me/mazhilis_kz
VIDEO
Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өңірлерді газдандыру мәселесін қатаң сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында көптеген ауыл тұрғындары әлі күнге дейін тезек пен көмір жағып отыр.

ХХІ ғасырда тезек пен көмір жағу – менің ойымша, ең ұят нәрсе. Біз ертең ауылға барғанда тезек жағып отырған ағайынға нақты жауап беруіміз керек, – деді ол.

Ерлан Саиров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардағы тиімсіз шығындарды қысқарту жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Оның айтуынша, QazaqGaz ұлттық компаниясында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді, ал жылына 350 млн текше метр газ өндіріледі.

Сонымен қатар салалық министрлік өкілдерінің «Шығыс Қазақстанға газ тарту тым алыс» деген уәжін депутат қабылдауға болмайтынын айтты.

Кофе ішіп отырған 10 мың адамды қысқартып, сол қаражатты газ тартуға бағыттау керек. Бұл – халықтың ақшасы. Әрбір қадам Президенттің тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.

Осыған байланысты Ерлан Саиров Үкіметтен өңірлерді газдандыру бойынша нақты жоспарды ұсынуды талап етті. Оның айтуынша, мұндай жоспар депутаттардың ел ішіндегі тұрғындарға нақты әрі дәлелді жауап беруі үшін қажет.

Өзгелердің жаңалығы