Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көлігімен Көбейтұз көліне кіріп кеткен жүргізуші бұл әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады.
Видео полиция бөлімшесінде түсірілген.
Тәртіп бұзушы видеода Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға іссапарға шыққанын, жолда қызғылт көлге тоқтағанын айтты.
Әрине, менікі дұрыс емес, қателестім, сол үшін кешірім сұраймын. Көлге өз аяғыммен де баруға болар еді, бірақ осылай болды. Мен қатты-қатты кешірім сұраймын, әлеуметтік желілерде бұл жайт кеңінен таралып, ол қызу пікірталасқа ұласыпты. Шынымды айтсам, осы 40 жасымда бұлай болады деп ойламаппын... - деді көлік иесі.
Айта кетейік, Ақмола полициясының қызметкерлері құқық бұзушыны екі бап бойынша: жалпы су пайдалану ережелерін бұзу және жалпы аумақты ластау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұл мөлшері 13 890 теңгені құрады.