Климат дағдарысы: 1,8 млрд бала құрғақшылықтан зардап шегуде

Зерттеу деректерінде жер шарындағы балалардың басым бөлігі кемінде бір климаттық қауіпке ұшырайтыны айтылған.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 01:29
Бүгiн 2026, 01:29
186
Фото: depositphotos.com

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) ЮНИСЕФ қоры жариялаған жаңа баяндамаға сәйкес, әлемдегі балалар климаттың өзгеру салдарынан туындайтын қауіптердің ең осал тобы болып отыр, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Зерттеу деректерінде жер шарындағы балалардың басым бөлігі кемінде бір климаттық қауіпке ұшырайтыны айтылған. Атап айтқанда, 1,8 миллиард бала құрғақшылық қаупіне, ал 1,2 миллиард бала қатты ыстық пен аптап температураға тап болып отыр.

ЮНИСЕФ сарапшыларының мәліметінше, 662 миллион бала тропикалық дауылдарға, 337 миллионы өзен тасқындарына, ал 33 миллионы жағалаудағы су тасқындарына ұшырау қаупінде. Сонымен қатар, шамамен 1 миллиард бала безгек сияқты климатқа тәуелді аурулардың әсерін сезініп отыр.

2024 жылы 85 елде 242 миллион бала табиғи апаттар мен климаттық құбылыстарға байланысты білім беру үдерісінде үзіліске тап болған.

Ұйым мамандары климаттық дағдарыс балалардың денсаулығы мен болашағына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтіп, үкіметтерді инфрақұрылымды күшейтуге, апаттардың алдын алу жүйесін жетілдіруге және бейімделу шараларын жедел қабылдауға шақырды.

ЮНИСЕФ өкілдерінің айтуынша, балалар бір ғана қауіппен емес, бірнеше климаттық қатердің қатар әсеріне ұшырап отыр, бұл олардың өмір сапасына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Наверх