Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде вице-премьер Ералы Тоғжанов ақпарат саласында жұмыс істейтін барлық азаматтарға алғыс айтты.
Дер кезінде халыққа жеткізе білу, халыққа түсіндіре білу маңызды. Осы орайда қиын жағдайда ештеңе жасырылған жоқ, барлығы елге жарияланды. Бұл тұрғыда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Ақпарат саласында жұмыс істейтін барлық азаматтарға алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Қиын жағдайда бірде-бір азамат кейін тартпады. Осы кезеңде ешқайсысы басын бұғып қалмады, тікелей атсалысты,- деді Ералы Тоғжанов.
Ол осы ретте министрліктің 2021 жылға арналған міндеттерін айтты.
Бұл салада бірнеше басым бағыттар бар. Бұл бағыттар министрлік қызметінде атқарылатын басты жұмыстар болады. Біріншіден, Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын әрі қарай жүзеге асыру бойынша нақты міндетті жүктеді. Бұл бағытта қоғамдық бақылау туралы заң жобасын әзірлеу маңызды қадам ретінде белгіленді. Бұл мәселе бойынша қазіргі кезде тыңғылықты жұмыстар жүріп жатыр. Министрлік қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, осы бағытта ұсынылған пікірлерді ескеру керек, - деді вице-премьер.