Қиясов қаулы қабылдады. Енді Vero Cell вакцинасы кімдерге салынады?

13 Тамыз 2021, 13:00
3924
Бөлісу:
Қиясов қаулы қабылдады. Енді Vero Cell вакцинасы кімдерге салынады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Е. Қиясовтың 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 қаулысына толықтыру енгізілді. 

Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекцияның (бұдан әрі – КВИ) таралуының алдын алу мақсатында қаулыға Vero Cell вакцинасына қатысты өзгерістер енгізілді.

COVID-19 (Vero Cell), белсенділігі жойылған (Sinopharm) вакцинасын қолдана отырып КВИ-ге қарсы вакцинациялау жүргізіледі.

Белсенділігі жойылған (Sinopharm) COVID-19-ға қарсы (Vero Cell) вакцина – SARS-CoV-2, 19nCoV-CDC-Tan-HB02, штамынан жасалған, ол кейіннен сұйық вакцина қалыптастыра отырып, алюминий гидроксидінен адъювантпен адсорбциялау арқылы өсірінді алу және жинақтау, β-пропиолактонмен белсенділігін жою, концентрациялау және тазарту үшін Vero жасушаларына егіледі. Вакцинада антибиотиктер мен консерванттар жоқ.

Вакцина 18 жастан асқан ересектерге арналған. Вакцинаның шығарылу нысаны:

1) бір дозалы құтыда енгізу үшін 0,5 мл өнім болады;

2) құтыда екі рет енгізу үшін 1,0 мл өнім болады, әрбір енгізу үшін бір доза ретінде 0,5 мл қажет; бір адамға 1.0 мл енгізуге тыйым салынады.

Вакцинациялау кестесі: енгізу арасындағы 21-28 күн аралықпен екі доза, әр доза 0,5 мл құрайды.  Ұсынылатын енгізу жолы – бұлшықетке, көбінесе иықтың дельта тәрізді бұлшықетіне. Тамыр ішіне енгізуге қатаң тыйым салынады. Құтыны алғаш ашқаннан кейін вакцинаның көлемі 1,0 мл қалдығы бөлме температурасында 1 сағаттан артық сақталмайды немесе плюс 2°C-тан плюс 8°C-қа дейінгі температура кезінде 6 сағаттан асырмай сақталады.

Вакцинаны екінші рет алу алдында резеңке тығынның бетін дезинфекциялау қажет. Айқаспалы ластануды болдырмау үшін дозаны құтыдан шприцке алу оны тікелей енгізер алдында жүргізілуі қажет. Құрамында консервант жоқ болғандықтан, шприцке жиналған вакцинаны дереу пайдалану керек. Шприцке бірнеше рет аспирациядан туындаған егу дозасының қателігі барынша азайтылуы тиіс. Егер құтыдағы қалған вакцина 0.5 мл-ден аз болса, оны тастау керек және әртүрлі құтыдағы вакцинаның қалдықтарын араластырмау керек.

Осы препаратпен қайта иммундау қажеттілігі анықталған жоқ.

Вакцинаны енгізуге қарсы көрсетілімдер:

1)   вакцинаның кез-келген компонентіне (оның ішінде қосымша заттарға) аллергия;

2)   вакцинаға аллергиялық реакциялар (жедел аллергиялық реакция, ангионевроздық ісіну, ентігу);

3)   бақыланбайтын эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары, сондай-ақ анамнезінде Гийен-Барре синдромының болуы;

4)   жүктілік және лактация кезеңі;

5)   18 жасқа дейін жас ерекшелік.

Егер вакцинациядан кейін жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялар пайда болса, осы өнімді қайта пайдалануға тыйым салынады.

Вакцинаны мынадай жағдайларда:

1)   жедел ауруы, созылмалы аурулардың өршуі және қызбасы бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек; қажет болған жағдайда, дәрігер вакцинацияны жүргізуді кейінге қалдырады;

2)   қант диабетімен ауыратын пациенттерге және анамнезінде немесе отбасы анамнезінде құрысулар, эпилепсия, энцефалопатия, психикалық аурулары бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек;

3)   вакцинаны бұлшықетке енгізу кезінде пайда болуы мүмкін қан кету қаупіне байланысты қанның ұюының бұзылуы және тромбоцитопения бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек;

4)   қатерлі ісік, нефроздық синдром, ЖИТС-пен ауыратын науқастар (бұл адамдарда вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер алынбаған) сияқты иммундық функциясы бұзылған пациенттерде сақтықпен пайдалану керек.

Иммундық-глобулиндер қабылдайтын адамдар иммундық тиімділікке әсер етуді болдырмау үшін осы препаратпен кемінде 1 ай аралықпен вакцинациялануы тиіс.

Басқа дәрілік заттармен біріктіріп қолдану: иммундық-супрессивті заттар сияқты иммундық-супрессивті препараттар, химия-терапияға арналған дәрілік заттар, метаболизмге қарсы препараттар, алкилирлеуші агенттер, цитоуытты препараттар, кортикостероидтар және т.б. препараттарды біріктіріп қолдану организмнің осы өнімге иммундық реакциясын төмендетуі мүмкін.

Жанама әсерлердің пайда болу жиілігі:

1)   өте жиі: инъекция орнындағы ауырсыну, бас ауруы;

2)   жиі: қызба, шаршау, миалгия, артралгия, жөтел, ентігу, диарея, қышыну;

3)   жиі емес: қызару, ісіну, қатаю, бөртпе, қышыну, бас айналу, анорексия, құсу, ауыз-жұтқыншақтың ауыруы, дисфагия, тұмау, іш қатуы, аса жоғары сезімталдық;

4)   сирек: эритема, жедел аллергиялық реакция, шаршау, ұйқышылдық, ұйықтай алмау, түшкіру, назофарингит, мұрынның бітелуі, тамақтың құрғауы, тұмау жағдайы, тітіркендіргіштерге төмен сезімталдық (гипестезия), аяқ-қолдардағы ауырсыну, жүрек соғысының жиілеуі, іш аймағындағы ауырсыну, бөртпе, терінің және шырышты қабықтардың қалыптан тыс жағдайы, безеу, көздің ауыруы (офтальмодения), құлақтағы жағымсыз сезімдер, лимфа түйіндерінің ұлғаюы (лимфаденопатия);

5)   өте сирек: қалтырау, дәм сезудің бұзылуы, дәм сезбеу, күйдіру және ашыту сезімі (парестезия), тремор, зейін концентрациясының бұзылуы, мұрыннан қан кету (эпистаксис), демікпе ұстамалары, тамақтың жыбырлауы, тонзиллит, физикалық жайсыздық, мойынның ауыруы, жақтың ауыруы, мойынның тығыздалуы, ауыздың шырышты қабығындағы жаралар, тіс ауруы, өңеш қызметінің бұзылуы, гастрит ұстамалары, нәжістің түссізденуі, көздің ауыруы (офтальмодения), бұлыңғыр көру, көздің тітіркенуі, құлақтың ауыруы, күш түскенін сезіну, қысым, төмен қан қысымы, несеп ұстамау, етеккірдің кешігуі.

Вакцинамен байланысты күрделі жанама реакциялар байқалған жоқ. Вакцинаны сақтау шарттары – жарықтан қорғалған жерде, салқын күйде плюс 2° C-тан плюс 8 °C-қа дейінгі температурада. Мұздатуға болмайды. Жарамдылық мерзімі – 24 ай. Қаптамасында және заттаңбасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы