«KitapTime – 2026» кітап фестивалі 55 мыңнан астам адамды қамтыды

11 Қыркүйек 2026, 18:45
АВТОР
 11 Қыркүйек 2026, 18:45
11 Қыркүйек 2026, 18:45
162

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық өңірінде «KitapTime-2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.

Фестиваль негізгі алаң ретінде Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. 

Бағдарлама аясында кітап жәрмеңкесі, әдеби кездесулер, буккроссинг, шеберлік сабақтары және «Оқитын ұрпақ: жаңа оқырманды қалыптастырудың заманауи жолдары» халықаралық дөңгелек үстелі өтті. 

Сондай-ақ кітапханада жасөспірімдерге арналған жаңа оқу залы ашылды.

Кітап фестивалінде серб әдебиеті бұрышының ашылып, мұнда белгілі серб қаламгерлерінің шығармалары, көркем және балалар әдебиетін қоса алғанда 120 кітап қойылған. Осылайша Ұлттық академиялық кітапханадағы шетел әдебиетіне арналған кеңістіктердің саны 20-ға жетті.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы және «Жастар» театры «Кітап, өнер және медиа: жаңа серіктестік» тақырыбында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

«Ауылға кітап» акциясы, «Өзіңді тап – өзегіңе орал!» тақырыбындағы презентация, жаңа кітаптардың таныстырылымы, қаламгерлер және әдебиет саласының өкілдерімен кездесулер де өтті.
Алматыда фестиваль іс-шаралары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылды. 

Көпшілікке 2025-2026 жылдары жарық көрген басылымдар, сирек кітаптар және XX ғасырдағы газет-журналдардың архивтік нөмірлері таныстырылды. Әдеби кездесулер, пікірталастар, қолтаңба беру рәсімдері, интерактивті бағдарламалар және кино көрсетілімі өтті.

Кітапты оқырманға танытудың заманауи тәсілдерін дәріптеу мақсатындағы іс-шаралар да болды. «Book Blogger» кездесуінде әлеуметтік желілерде кітап туралы контент дайындау, оқырман аудиториясын қалыптастыру және кітап оқуға қызығушылықты арттырудың жаңа тәсілдері сөз болды.

Жалпы «KitapTime – 2026» фестивалі аясында еліміз бойынша 1 795 мәдени-ағартушылық іс-шара өтіп, оған 55 726 адам қатысты.

Наверх