Соңғы бес-он жылмен салыстырғанда Қазақстанда балалар әдебиеті саласында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде әлем әдебиеті мемлекеттік тілге сапалы аударылып, балаларға қолжетімді бола бастаған. Бұрын қазақ тілінде табу қиын болған көптеген шығармалар қазір жарық көріп жатыр. Сонымен қатар отандық баспалар да балалар әдебиетін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.
Қазір мемлекеттік тілде балаларға арналған сапалы кітаптар, тіпті қазақша комикстер де шығып жатыр. Кітап оқу бірден күрделі философиялық романдардан басталмайды. Баланың қызығушылығын ертегілер, аңыздар, әңгімелер мен комикстер арқылы ояту өте маңызды, – деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, бүгінде ақпаратқа қолжетімділік айтарлықтай артқан. Кітап оқимын деген адамға мүмкіндік жеткілікті. Әр азаматтың қолында смартфон бар, интернет арқылы ғылыми мәліметтер мен кітаптарға қол жеткізуге болады. Сондықтан мәселе ең алдымен ниет пен түсінікте екенін атап өтті.
Депутат кітап саласын қолдау бағытында нақты ұсыныстар да жасалғанын айтты. Салық кодексін талқылау кезінде кітаптарға қосымша құн салығын салмау туралы авторлық түзету енгізілген.
Сондай-ақ Аймағамбетов министр қызметінде болған кезде басталған «Оқуға құштар мектеп» жобасына тоқталды. Жоба аясында мектеп кітапханаларына қазақ тіліндегі әлем әдебиеті мен балалар әдебиетінің миллиондаған данасы сатып алынған.
Кітап оқымайды дейміз. Бірақ мектеп кітапханасында баланың жас ерекшелігіне сай, қызықты, мазмұнды жаңа кітаптар болмаса, әрине оқымайды. Сондықтан біз бұл жобаны бастадық. Осы жұмысты жалғастыру қажет, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов кітап оқу мәдениетінің маңызына да тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі заманда кітап оқу – тек білім емес, когнитивті және эмоционалдық дамудың маңызды құралы.
Кітап оқымау когнитивті және эмоционалдық мәселелерге әкелуі мүмкін. Қазір балаларға ғана емес, ересектерге де бір нәрсеге зейін қойып, ұзақ уақыт тыңдау қиынға соғып барады. Кітап – осы дағдыларды қалыптастыратын негізгі құралдардың бірі, – деді ол.