Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.KZ тілшісі. «Халық бұл кітапты не себепті оқуы керек? Оқылмай қалмай ма?» деген журналист сауалына «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабын шағатай тілінен қазақ тіліне аударған ақын Ербол Алшынбай жауап берді.
Осы уақытқа дейін ақындарымыз бен тарихшыларымыздың көптеген кітабын шығардық. Бағасын екі-үш есеге дейін арттырсақ та, ол кітаптар сатылып кетті. Ешкім оқымаса? Оны кімдер алып жатыр? Қазір қазақ тіліне, қазақ контентіне деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Сол себепті кітап оқылмайды деген қаңқу сөз деп білемін, – деді ақын Ербол Алшынбай.
Оның айтуынша, елімізде қазақ тілді аудиторияның өсуі жылдам қарқын алып келеді.
Ол оны одан әрі ілгерілету үшін ғаламтор мен әлеуметтік желі беттеріне тарихи-танымдық еңбектерімізді көбейте түсуміз қажет екенін айтты.
Еске салайық, бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабының тұсаукесері өтті.Егер біз ғаламтордан орыстың не болмаса басқа халықтардың тарихи қайраткерлері туралы іздейтін болсақ миллиондаған ақпарат шығады. Ал біздің Сыдық сұлтан мен Кенесары жайлы іздесек ақпарат 100-ге де толмауы мүмкін. Мемлекеттің табанды әрі байсалды саясатының арқасында күн өткен сайын қазақ тілді аудитория ауқымы кеңейіп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын ана тілімізде ҰБТ тапсыратын түлектердің саны 90%-ға жетіп отыр. Сондықтан тіліміздің өркендеуі, осы отырған зиялы қауымның мойнында деп білемін, – дейді ол.