- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Кітап іздеу жеңілдейді: 3 900 кітапхана бір платформаға біріктірілмек
Кітап іздеу жеңілдейді: 3 900 кітапхана бір платформаға біріктірілмек
Жоба аясында еліміздегі 3 900-ден астам кітапхана бір жүйеге біріктіріліп, оқырмандар кітаптарды, мақалалар мен мерзімді басылымдарды бір жерден іздей алады.
2 Қараша 2026, 17:33
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Қазақстанда Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы әзірленіп жатыр. Жоба оқырмандарға елдегі кітапханалардың қорын бір жерден іздеп, қажетті басылымды табуға мүмкіндік беруді көздейді. Платформаның мақсаты мен мүмкіндіктері, кітапханалар жүйесіне ЖИ-ді енгізу мәселелері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен ведомствоаралық сараптамалық кеңесте талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында ұсынылған деректерге сәйкес:
- Елімізде 3 912 көпшілік кітапхана жұмыс істейді;
- Түрлі ведомствоға қарасты кітапханалардың саны 12 мыңға жуық;
- Кітапханалардың жалпы қоры 72,9 миллион сақтау бірлігін құрайды;
- Бір жылда кітапханаларға 57 миллион рет келу тіркелген.
Алайда мекемелердің басым бөлігі әртүрлі ақпараттық жүйелерді пайдаланатындықтан, олардың қорын бір жерден іздеу мүмкіндігі шектеулі.
Жоба әзірлеушілерінің пайымдауынша, кітапхана жүйелерінің бытыраңқылығы оқырмандарға қажетті ақпаратты табуды қиындатып қана қоймай, қызметкерлердің де жұмысын қайталауға мәжбүр етеді.
Мысалы, бір басылымның библиографиялық мәліметтері әр кітапхананың жүйесіне жеке енгізіледі. Бірыңғай платформа осы процесті оңтайландырып, дайын жазбаларды ортақ каталог арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында әзірленіп жатқан платформаның қазіргі жағдайы туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі директордың орынбасары Нұржан Жолдыбалинов айтып берді. Оның сөзінше, қазір мамандар кітапханалардың жұмыс үдерістерін зерттеп, оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендірумен айналысып жатыр.
Біздің қазір бизнес-процестердің бәрін нақтылап алу. Оны жай ғана нақтылау емес, әлемдік деңгейдегі стандарттарға сәйкестендіріп, ортақ форматын таңдау. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Қазір платформаны сынақтан өткізу жұмыстары Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлесіп жүргізілуде. Алғашқы кезеңде еліміздегі 20 кітапхананы ортақ жүйеге қосу жоспарланған. Кейін бұл жүйені барлық кітапханаға тарату көзделіп отыр.
Платформаға қандай материалдар енгізіледі?
Жаңа жүйенің ерекшелігі – онда тек кітаптар ғана емес, ғылыми мақалалар, журналдар мен газеттер туралы библиографиялық мәліметтер де жинақталады. Яғни оқырман белгілі бір басылымның атауын, авторын, шыққан жылын және қай кітапханада сақталғанын бір жерден қарай алады.
Қазақстанда бұған дейін де Ұлттық электронды кітапхана жұмыс істеген. Алайда оның негізгі бағыты – толық мәтінді материалдарды цифрлық форматта ұсыну. Ал жаңа жоба кітапхана қорларындағы басылымдардың библиографиялық жазбаларын да қамтиды.
Біздің мақсатымыз – барлық кітапты толық мәтінімен бір жерге орналастыру ғана емес. Еліміздегі кітаптардың, мақалалардың, журналдар мен газеттердің библиографиялық жазбаларын бір базаға жинауды көздеп отырмыз. Сонда оқырман Қазақстанның қай жерінде болса да, қажетті материалды ортақ жүйеден іздей алады, – Нұржан Жолдыбалинов.
Жасанды интеллект қандай мүмкіндік береді?
Кеңесте платформаның жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін функциялары да таныстырылды. Жоба тұжырымдамасында ақылды іздеу жүйесін енгізу қарастырылған. Ол басылымдарды тек атауы бойынша емес, мазмұны мен контексті арқылы да табуға көмектеседі. Сонымен қатар оқырманның қызығушылығына қарай кітаптар мен ғылыми еңбектерді ұсынатын жүйе әзірлеу көзделген.
Тағы бір ұсынылған мүмкіндік – «Kitap Assistant» виртуалды көмекшісі. Ол тәулік бойы оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, кітапхана қорларымен танысуға және басылымдарды қашықтан брондауға көмектесуі мүмкін.
Жасанды интеллект кітапханашылардың жұмысын да оңтайландыруға бағытталған. Атап айтқанда, кітаптарға библиографиялық сипаттама жасау, оларды MARC 21 халықаралық стандарты бойынша каталогтау және оқырман сұранысына қарай кітап қорын толықтыру қажеттілігін болжау функциялары ұсынылған.
Бұдан бөлек, платформада бірыңғай оқырман билетін енгізу, QR-код немесе Face ID арқылы авторизациядан өту, кітаптарды онлайн брондау және мобильді қосымша арқылы пайдалану мүмкіндіктері қарастырылған. Кітаптарды беру мен қайтару үдерісін жеңілдету үшін RFID жүйелері, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары мен кітап беру постаматтарын қолдану да жоспарланған.
Платформаны толық іске асыру 2029 жылға жоспарланған
Мамандардың айтуынша, жобаны енгізудің күтілетін нәтижелері үш бағыт бойынша көрсетілді:
- Біріншісі – оқырмандарға кітапхана қорларына тең қолжетімділік беру.
- Екіншісі – кітапханалардағы қайталанатын жұмыстарды азайтып, қызметкерлердің уақытын үнемдеу.
- Үшіншісі – мемлекеттік деңгейде кітапхана қорларын есепке алу мен ақпараттық технологияларға жұмсалатын шығындарды оңтайландыру.
Сондай-ақ болашақта бірыңғай цифрлық жүйе арқылы кітапханаға келушілер санын, оқырман сұранысын және ең көп оқылатын авторлар мен ғылыми еңбектерді бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық статистикалық панель құру ұсынылған.
Қазір жоба әзірлену және кітапхана жүйелерін біріктіруге дайындық кезеңінде тұр. Алғашқы 20 кітапхананы қосу жоспарынан кейін жүйені республика бойынша кеңейту көзделген. Жалпы еліміздегі 3 900-ден астам көпшілік кітапхананы бірыңғай платформаға біріктіру жұмыстары 2029 жылға дейін толық аяқталуы тиіс.
Ең оқылған:
- Астанада көлігіне балағат сөз жазған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
- Астанада 5–7 қараша күндері көлік қозғалысы шектеледі
- Дастан Сәтбаев жарақатына байланысты «Бернли» сапынан тағы да шығып қалды
- Гүлісхан Нахбаева: Адами капиталға салынған инвестиция – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция
- 1 қарашаға арналған валюта бағамы жарияланды
Жанерке Жәкен