KIOSH-2019: Павлодар облысында өндірістік жарақат азайған

23 Мамыр 2019, 15:09
2295
Бөлісу:
KIOSH-2019: Павлодар облысында өндірістік жарақат азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында өндірістік жарақат көрсеткіші едәуір азайған. 

"KIOSH-2019" IX Халықаралық көрме мен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша конференция барысында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек 2018 жылы аймақтағы өндірістік жарақат 2017 жылмен салыстырғанда 35% қысқарғанын айтты.
«Аймақта өндірістік жарақаттың алдын алуға байланысты түрлі шара қолданылып келеді. Павлодар облысы – Қазақстанның өте ірі өнеркәсіп индустриалды орталығы болғанына қарамастан, өндірістік жарақат көрсеткіші төмендеген. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2017 жылы өндірістік жарақатқа байланысты 182 жағдай тіркелді. Кейін қолданылған шаралардың нәтижесінде жарақат 35% қысқарып, 118 жағдайға төмендеді», - деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін өңірде атқарылған жұмыстарды атап өтті.

«Өңір әкімдігі еңбек қауіпсіздігі бойынша еңбекті қорғау инспекторларымен үнемі жұмыс істейді. Еңбек заңнамасын түсіндіру, ұжымдық келісім бойынша түсіндіру жұмыстары бірлесе жүргізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары үшін 100-ден астам рет ақпараттық шаралар ұйымдастырылды. Маусым сайын пікір алмасу және еңбек заңнамасындағы жаңа нормативтік актілерді талқылау үшін дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Содан соң екі жылдық тәжірибеге қарасақ, кәсіпорындар бір-бірінен жаңашылдықты, тәжірибені көріп, өз кәсіпорындарында енгізгенін байқадық. Биыл халықаралық еңбекті қорғау күніне орай аймақта еңбек қауіпсіздігіндегі үздік қызметкер және үздік кәсіпорынды анықтау мақсатында конкурс ұйымдастырылды. Бүгінде жұмыс орнындағы жарақат көрсеткішін азайту үшін жол картасы әзірленді. Ол 2019-2023 жылдарға арналды», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Бүгін Нұр-Сұлтанда "KIOSH-2019" IX Халықаралық көрмесінің екінші күні өтіп жатыр. Көрме аясында IX Халықаралық көрме мен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша конференция өтті. 

Жиын барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қазақстанда 373 мың адам зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтінін және ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым өндірістік жарақат саны бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұрғанын айтқан болатын.

Сонымен қатар, көрме барысында ресейлік компания қызметкері көрменің масштабы жоғары деген пікір білдірді.

Өзгелердің жаңалығы