Ұлттық құрылтайда сөз алған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды өз саласындағы үш бағытты көтерді, деп хабарлайды осы аймақтағы BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Президент алдында сөз алған қайраткер Азамат Сатыбалды ең алдымен экономика мен саясатқа ғана басымдық бермей, өнер мен мәдениетті де ұмыт қалдырмау керектігін алға тартты.
Еліміздегі Алматы мен Түркістан арасындағы автожол өте жоғары деңгейде салынған, ол біздің экономикамыздың көрсеткіші. Ал сол жолдың шетіндегі шашылып жатқан қоқыс біздің мәдениетіміздің көрсеткіші. Жалпы, мәдениеттің тармағы таралмаған сала болмауы керек. Ал мәдениеттің түп-тамыры ауыл деп білемін. Соңғы жылдары ауылдарды көп араладым. Бір өкініштісі, Мәдениет үйлері түгелдей жабық, тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Шын мәнінде, ауыл әкімінің жиналыс өткізетін залына айналып кеткен. Бізде Мәдениет үйлерінде тек концерт өтетін зал деп ойлайды. Мәдениет үйі деген есігі ашылып, жабылмайтын үлкен бір орталық. Онда түрлі үйірмелер, қуыршақ театрлары, кинозалдары болу керек. Егер осыны жандандыратын болсақ және қала, аудан, ауыл деп бөлінбей аражігін біріктірсек, жаһандық мәдениетке қадам басамыз. Өркениетті ел боламыз десек өркениетті ауылдан бастауымыз керек - деді Азамат Сатыбалды.
Оның пікірінше, екінші мәселе театр. Бұл салада қуантатын да, қынжылтатын да деректер келтірген академия ректоры театрлар арасында бәсеке болу керектігіне тоқталды.
Қазір бір қуанатын жайт, Қазақстанда театрларда билет жоқ, бір апта бұрын билет алып қоюың керек. Осы Түркістанда 2021 жылы музыкалық драма театрының спектаклін көру үшін басқа қаладан келіп жатқандар бар. Бұл үлкен жетістік. Аталған театрда инновациялық деңгейде әлемге ұялмай көрсететін «Мағжан», «Бөрте» сияқты спектакльдер қойылды. Мұнда тек Ясауи кесенесін ғана емес, өнер ордасының туындысын да көруге келеді. Бізде 68 ғана мемлекеттік театр бар. Мәселен, Тараз қаласында бір ғана театрда қазақ, орыс труппасы бар, репертуарын қарасам бір айда үш спектакль қояды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз жуырда Қызылжарда жаңадан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрын аштыңыз. Ал ескі ғимаратын қуыршақ театры етсе болады. Себебі, көрермен бір спектакльді ұнатса да, ұнатпаса да көреді. Ал көрермен алдында таңдау болуы керек. Бәсекеден сапалы дүние туады. Ертеңгі болашақ мәдениетті болсын десек, балалар тамашалайтын дүниелерді көбейту керек, - деді Азамат Сатыбалды.
Үшішіден, ол қазіргі қазақ киносының мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кино нағыз идеологияның қайнар көзі.
Қазір қазақстандықтардың тоқсан пайыз көрермені қазақ тілінде аударылған фильмдерге барады. «Аватар» фильмінің қазақшасы рекордтық көрсеткіш болды. Киноның тілі қазақиланса, біз қазақиландық деген сөз. Алайда кинотеатрлардың барлығы жеке адамдардың қолында. Олар да бизнесін жасап, салық төлеу керек. Менің ұсынысым «Қазақфильм мен кино қолдау қоры жылына алпыс кино түсіреді. Соның біреуін де көрерменге жеткізе алмаймыз. Сол себепті киноға ақша бөлудің қажеті жоқ. Егер бөлінетін болса альтернативті түрде жаңағы 68 театрда және әр аудандағы Мәдениет үйінен кішігірім зал ашылып, ауыл балаларына көрсетсе таңдау болар еді - деді ол.