Үкіметте Германиямен көлік құрастыруды дамыту мәселесі талқыланды

20 Мамыр 2020, 20:08
1819
Бөлісу:
Үкіметте Германиямен көлік құрастыруды дамыту мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен 50-ден астам германиялық компания басшыларының қатысуымен кезекті веб-конференция өтті.

Іс-шара машина жасау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы және 2020 жылдың басында ГФР-ға сапары аясында Германия бизнесімен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға арналды.

Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамтамасыз етуіне және қолда бар қуатты шикізат базасы негізінде индустриялық өнеркәсіпте жаңа өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Өңдеуші өнеркәсіпке басты назар аудара отырып, әртараптандырылған экономика құру біздің экономикамыздың дамуының ерекше басымдығы, - деді Роман Скляр.

Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарушы директоры М. Хармс Қазақстан мен Германия арасындағы жан-жақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, дағдарыстың ГФР өнеркәсіп саласына теріс әсерін азайту жөніндегі шаралар туралы хабарлады.

Онлайн-кездесу барысында "ҚМЖО" ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Германия капиталы бар компанияларды қоса алғанда, еліміздегі 540-тан аса машинажасау кәсіпорнын қамтитын бизнес-қауымдастықтың қызметі туралы айтты. Өз сөзінде ол Қазақстанда машинажасау саласын дамытудың перспективаларына, 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыруға және өнеркәсіпті дамыту қорын құруға ерекше назар аударды.

Веб-конференцияның соңында пікірталас өттіп, оның барысында қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру туралы сөз етті, бірқатар практикалық мәселелерді талқылап, болашақта осындай кездесулерді жүйелі түрде өткізуді жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы