Ұлттық медиа қауымдастығы БАҚ-қа арналған «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев қызу талқыланып жатқан баспасөз картасына қатысты пікірін айтты.
Өмірәлиевтің пікірінше, қазіргі уақытта заң жобасында баспасөз картасы бойынша шектеу нормалары жоқ.
Халықаралық тәжірибенің негізінде комиссия толығымен баспасөз картасын беру туралы шешім қабылдайтын салалардың өкілдерінен тұратын болады, - деді Жасұлан Өмірәлиев.
Журналист Махат Садық БАҚ-қа баспасөз картасын не үшін беру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда кімнің журналист, кімнің блогер екенін ажырата алмай қалдық.
Баспасөз картасы керек. Қазір кім журналист, кім блогер, кім жай жаза салушы айырудан қалдық. Неге қажет? Өйткені журналисттердің кәсіби қызметін атқаруға осы баспасөз картасы көп қолғабыс тигізеді деп сенемін. Бұл карта демократияны және әлеуметтік мәселені шешуге көмек береді, - деді Махат Садық.
Бұған дейін Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев баспасөз картасын енгізудің қандай артықшылығы бар екенін айтқан еді.
Сонымен қатар журналист Нұржан Мұхамеджанова баспасөз картасын енгізбес бұрын шетелдік тәжірибені әбден зерттеуіміз керек деді.