Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ким, Турлов, Құлыбаев: Үкімет олигархтардың баюына қатысты мәлімдеме жасады

31 Шілде 2025, 14:01
1064
Бөлісу:
 коллаж finratings
Фото: коллаж finratings

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қазақстандық олигархтардың әл-ауқатының өсуі мен ERG корпорациясы төңірегіндегі жағдайға қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, бизнесмендер мемлекеттік саясатқа ықпал етпейді. Бірақ мемлекетке инвестиция салуға және жұмыс орындарын құруға міндетті. 

БАҚ өкілдері Forbes тізімінен жылдар бойы түспей келе жатқан ірі бизнес өкілдері Қаңтар оқиғасынан кейін байлықтарын сақтап қана қоймай, тіпті қалталары одан сайын қампая түскендігі туралы мәселе көтерді. Сөз соңғы үш жылда байлығы 69%-ға артқан Вячеслав Ким, 190%-ға байыған – Тимур Турлов, сондай-ақ жалпы табыстары айтарлықтай өскен Құлыбаевтар отбасы туралы болды. 

Олигархтарға келер болсақ, бәріңіз бәрін жақсы білесіздер. Келісе ме, келіспей ме – ол басқа мәселе, бірақ шынайы жағдай мынадай: біз шынымен дамуымыздың жаңа кезеңіне аяқ бастық. 2022 жылдан бастап, бүкіл ел мен халқымыз ауыр сынақтардан өткен кезде, біз Жаңа Қазақстанды құруымыз керек екенін жарияладық. Алайда сіздер "олигарх" деп атап жүрген адамдардың мемлекет саясатына тікелей ықпал етіп отыр деп айтуға негіз жоқ. Олардың мемлекеттің шешім қабылдау үдерісіне, парламент жұмысына немесе заңнамалық бастамаларға ықпалы жоқ, - деп түсіндірді Роман Скляр. 

Сонымен қатар ірі бизнес пен активтерді қайтарудағы рөлі туралы айтқан вице-премьер мемлекет әділдікті қамтамасыз етуде шара қолданып жатқанын алға тартты. 

Біраз уақыт өтті. Елге активтерді қайтару жөніндегі арнайы комиссия Мемлекеттік хатшының төрағалығымен құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бұрын Қазақстанда жұмыс істеген кәсіпкерлер өз қызметін жалғастыруға құқылы. Алайда олар өз елінің дамуына үлес қосуға тиіс: жаңа өндіріс орындарын салып, жұмыс істеп тұрған активтерді жетілдіріп, жаңа жұмыс орындарын құрып, қосымша құн өндіруі қажет. Бұл – олардың тікелей міндеті. Жалпы алғанда, бұл – кез келген бизнесменнің өмірлік мақсаты болуы керек, - деді Роман Скляр.

Сондай-ақ вице-премьер ERG корпорациясындағы жағдай мен шетелдік банктерге қаражат салу мәселесіне қатысты пікір білдіре отырып, мемлекет оның қызметін бақылау үшін қажетті құралдарға ие деп отыр. 

ERG компаниясына келер болсақ: мемлекетке 40% үлес тиесілі болғандықтан, директорлар кеңесінде мемлекеттік өкілдер бар. Қосымша ақпарат қажет болса, оны сұратуға болады. Ал Люксембургтегі шоттарда тұрған қаражатқа қатысты айтар болсақ, ұлттық компаниялардағы корпоративтік басқарудың өз ерекшеліктері бар. Бұл жағдайда мемлекет мүддесі арнайы тәртіппен ескеріледі, - деді Роман Скляр.

Еске салсақ, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстандағы байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылыққа қатысты пікір білдірді.

Өзгелердің жаңалығы