Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттегі Президент резиденциясын сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде нысан білім басқармасының балансына беріліп, қажетті жиһаздармен қамтылып жатыр.
Бұл тапсырма Президентіміздің Шымкентке сапары аясында берілген болатын. Қазіргі таңда процедуралық жұмыстар атқарылып жатыр. Резиденция толықтай білім басқармасының балансына өткізілді. Қазір жиһаз алу, қауіпсіздік, оқушыларды тамақтандыру мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ Сыздықбеков онда кімдер демалатынын айтты.
Ол жерде үздік оқушылар, олимпиадалардың жеңімпаздары кездеседі. Жыл бойы істейтін лагерь болады. Балалар өз ойларымен бөлісіп, ары қарай өздерін дамытуға мүмкіндік беретін жер болады деп күтіп отырмыз, - деді әкім.