Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді

30 Маусым 2024, 22:58
718
Бөлісу:
Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді
Фото: жеке мұрағатынан

Киім кию және оны үйлсетіре таңдай білу – талғамды ғана емес, жоғары мәдениеттілікті байқатады. Бүгінде жастар ғана емес, жасамыс адамдар да түрлі бағытта еркін, өзіне қонымды киім үлгісін келістіріп киіп жүр. Бұрынғыдай жастардікі, үлкендердікі деген ұстаным емес, сәнді, жарасымды, бастысы, сапалы болса болғаны. Мұны сән саласында бұрыннан жүрген кәсіби мамандар да, киім үйлестіру бағытын жандандырып жүрген жастар да қуаттайды. Солардың бірі отандық, әлемдік сән үлгісін зерттеп, зерделеп, заманауи күнделікті киім үлгісін үйлестіру қызметін ұсынып жүрген Ардақ Әлімбетова.

 

Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді

Біз Ардақпен әуел баста магистр-баспагер ретінде танысқан едік. Уақыт өте келе заман талабына сай мамандығын ауыстырған Ардақ кәсіби қызмет түрін ұсынып, сән саласына, киім үлгісі саласына бет бұрғанын көрдік те қызықтық.

– Ардақ, сіз баспа саласының маманысыз. Бұл саланы қалай таңдап алдыңыз?

– Кез келген нәрсе адамның ішкі қалауы, қызығушылығынан туады ғой. Бала кезден осы сән саласына әуес болдым. Қуыршақтарды киіндіріп, киіп пішіп, үйлестіріп, өзімше мода жасап жүретінмін. Ақыры балалық арман, ниет осы салаға түбегейлі бет бұруыма әкелді. Негізі, қазір дамыған заман ғой. Киім таппай қаламын деген қорқыныш жоқ адамдарда. Кез келген киім дүкеніне барсаңыз, өздері аранйы бағыт беріп, үйлесім жасап, «киіндіріп» жібереді. Сондай жағдайларды көре жүріп, мен де өз идеямды жүзеге асыруға талпыныс білдірдім.

– Білуімше, сіз тұтынушыларды «киіндіресіз», яғни, әдемі, жарасымды база таңдап бересіз?

– Иә, бастапқыда тәжірибе аз болды. Оның үстіне адамның өзі күнделікті жылдар бойы киіп көзі үйреніп қалған стилі бар, былайша айтқанда. Өзгергісі келеді, бірақ жарасымсыз деп ойлайды, жайсыз сезінем дейді. Дегенмен, талғамы жоғары бола тұрып, қасаң қағидадан ажырағысы да келмейді, ыңғайлы базаны да кигісі келеді. Міне, осы жерден тұтынушының жан дүниесіне бір үңілсеңіз жеткілікті. Оны өз қалауындай «киіндіре» аласыз.

– Сіздің парақшаңыз қызық өзі. Айтыңызшы, сіздіңше, талғам деген не, оны қалай қалыптастыруға болады?

– «Талғамға талас жоқ» деген ойдың ескіретін уақыты келген сияқты. Себебі нарық заманында талғам аса қажет. Бизнес бастау үшін талғам қажет, сату үшін, оны халыққа ұсыну үшін де талғамның рөлі зор. Қарапайым ғана адамның өзімен сөйлесуге, оның таным-түсінігі мен ой-өрісін бағамдауға да талғам қажет. Былайша айтқанда, талғам – ішкі мәдениеттің сыртқы көрінісі.

Талғам қалыптастыруда сізге ең бірінші көмек беретін – кітап. Жақсы кітап оқысаң, жақсы адаммен тілдескендей боласың. Көркем әдебиеттен бастап, қазіргі сән журналына дейін сізді тәрбиелейді. Жазушылар да шығармашылық адамдары, әдемілікті, сұлулыққа құмар жандар. Сондықтан олар жазған туындыны оқымау – сұлулықтың көп бөлігін көрмеумен тең.

– Отандық кинотеатр, сурет көрмелерінен жиі шолу жасайсыз?

– Галерея, сурет көрмелері, музей. Бұлар адамға ішкі «көзқарас» қалыптастырады. Әйгілі картиналарға қарап, түстердің үйлесімі мен стильдердің байланысуына аса мән бересіз. Шығармашыл адамдардың аурасын, ойын сезіне аласыз. Иә, әуелде түсінбеуіңіз мүмкін. Алайда нәтижесін кейін міндетті түрде көретін боласыз.

Театр, концерт. Сахналық қойылымдар. Балет, драма, опера, қуыршақ театры мүмкіндігінше барлығын көру қажет. Әр театрдың өз ерекшелігі мен артықшылығы бар. Бір қойылым үшін сахна сыртында көптеген маман жұмыс істейді. Костьюмерлер мен гриммерлердің әртістерді әрлеп, киіндіруі, режиссердің қойылымды саханалауы, әртістердің шынайы саханада «өмір сүруі» – бәрі-бәрі сіздің қиялыңызды шыңдайды. Көріп қайтқанның өзінде, сізде аз да болса талғам қалыптасады.

Сән көрсетілімі. Арнайы сән апталықтарына барып көрмесеңіз де, бақылап жүрген дұрыс. Бұл да сурет өнері секілді. Бастапқы уақытта қабылдай алмауыңыз мүмкін. Сәнқойлардың көбі «көк пен сарыны неге киген», «мына көйлек түк те әдемі емес, дизайнерлердің мүлде талғамы жоқ» деген сияқты сыни сөздермен бастағанын жиі естейміз. Алайда топтамалар мен сәнгерлерге назар аударатын болсаңыз, ойыңыз өзгеретіні анық. Бірте-бірте сіз де нені, қалай кию керек екенін түсінетін боласыз.

– Сән саласын насихаттайтын қандай киноларды ұсынар едіңіз?

– Кино көру. Иә, қазір бір фильм не сериал шыққаннан соң, сол кинодағы кейіпкерлер киген киімдер топтамасы шығып жатады. Яғни, маркетингтің бір әдісі – кино түсіру. Қазіргі заманауи «Және жәй ғана», «Париждегі Эмили», «Почему женщины убивают, однажды в Голливуде» сияқты сериалдар көпшілікке әдемі образдарымен есте қалды. Бұдан бөлек классикаға арналған фильмдер, Оскар алған, Канн фестивалінің жеңімпаздары мен әйгілі сәнгерлер туралы фильмдердегі образдар сіздің көзіңізді жаттықтырады. Талғам қалыптастыру үшін ең әуелі білім керек. Екінші көздің әдемі дүниелерді көріп, үйренгені өте маңызды.

Аталған құралдарды пайдаланатын болсаңыз, ішкі мәдениет артса, өзіңіз де рухани дамысаңыз, талғаммен де таласуға болады. Ол қатып қалған, талассыз қағида емес. Ал оны өзгерту тек өзіңіздің қолыңызда!

– Елімізде осы бағытта ауқымды жоба – Kazakhstan Fashion Week апталығы өтеді. Биылғы апталықтың ерекшелігін байқадыңыз ба?

– Street style – көшеде сәнқойларды суретке түсіру. Бұл – биылғы апталықтың басты ерекшелігі. Қазақстандықтардың сәнге деген көзқарасында өзгеріс үлкен. Адамның шығармашылығына, креатив, жүйелілік, ой өзгеше. Сән тек қана сәнді киімдерден құралмайды. Ол қоғамның бейнесі, әлеуметтегі жалпы проблема, адамдардың жүріп келе жатқан жолы, рухани даму. Осы жылғы апталық үлкен әсер берді. Мысалы, кішігірім қойылым көрдік. Дизайнерлер Абзал Сейден мен Расул бастаған команда өте ауқымды жоба жасаған. Ашаршылық тақырыбында, Желтоқсан оқиғасы тақырыбында тамаша дүние көрдік, шығармашылық ізденіс, өсу, тарих, заман бәрі қамтылған. Жалпы сән мен талғам – тек люкс киім, қымбат орта емес. Бұл – нағыз өмірдің өзі.

Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді
Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді

 

Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді
Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді
Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді

– Ардақ, біз жай ғана қызықты кәсіп түрінен бастап, әңгіме ауанын үлкен тақырыпқа бұрып барамыз. Рахмет, алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы ораламыз.

– Рахмет, тағы да айта кетейін, отандық дүниенің өркендеуі бұл тек бизнесті көтермейді, бұл жалпы біздің, қарапайым кез келген адамның талғамының өскендігінің дәлелі.

Киім үйлестіру де кәсібилікті талап етеді

– Қарапайым тілмен айтқанда, қазір "сезон" ғой. Жазға арналған киім үлгісін ұсынып жіберсеңіз?

– Жазға арналған базалық гардероб. Базалық гардеробты жаз-қысқа бөлместен бұрын, оның не екенін анықтап алайық. Аты айтып тұрғандай, бір маусымға арналған негізгі киімдердің жиынтығы. Бұл киім-кешектер бір-бірімен әдемі үйлеседі және минималистік стильде түрлі луктар жасауға болады. Ал тренд киімдер ше? Оны қалай кием десеңіз, негізгі базаны қалыптастырған соң фэшн элементтер мен трендтер қосуға болады. Көп адамның киім таңдарда жіберетін басты қателігі – базаны құрмай, тренд сатып алу. Қысқаша айтсақ, трендтің ғұмыры – қысқа, база –өміршең. Әр адамның негізгі гардеробы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен бір адам ақ, қара, сұр, қоңыр түсті киімдерді ұнатса, келесі бірі ашық, жарқын түсті таңдауы мүмкін. Сондықтан қатып қалған ереже жоқ. Базалық гардеробтан бөлек капсулалық та жиынтық та бар. Капсула деген не? Капсула кемі 5-6 киімнен тұратын, өзара үйлесетін луктардың ортақ атауы. Бұл өмірлік салтыңызға байланысты, офистік киім-кешек немесе күнделікті өмірге арналған киімдер жиынтығы болуы мүмкін. Түс, пішін, принт, тренд бір-бірімен жақсы үндеседі. Яғни әр гардероб түрлі капсуладан тұрады. Ал капсула кемі бірнеше образдардан тұрады.

Сонымен жазға арналған базалық гардеробты қалай құрамыз?

Ең әуелі сырт киім.

Қазақстанның жері кең, байтақ екенін білесіз. Оңтүстік өңірлерде жаз өте ыстық болса, солтүстік, шығыс өңірлерде қоңыр салқын екенін айта кетейік. Сондықтан қалыңдығы әртүрлі сырт киім қажет-ақ.

Деним күртеше

Жұқа тренч

Жакет

Кардиган

Астыға киетін киім

Оқырманға айта кеткен жөн: гардероб жасақтарда немесе киім сатып аларда ең әуелі астыдан бастау қажет. Сонда үстіңізге киім таңдау әлдеқайда оңай болады.

Жұқа матадан тігілген бос тұратын шалбар

Джинс шалбар (мейлінше жазға көк, ақ түсті)

Миди-мини ұзындықтағы бір белдемше (мүмкіндігінше барлық түспен келетін ақ, қара, көк, қоңыр т.б. базалық түс болғаны абзалырақ)

Үстіге киетін киім

Денеге жабыспайтын футболка

Топ және принты бар кофта

Оверсайз ақ жейде

Көйлек (түсі, принты жалықтырмайтын)

Аяқ-киім

Ақ кедтер немесе кросстар

Мюль немесе лоферлер

Алды ашық жеңіл аяқ киімдер

Аксессуарлар

Сөмке (базалық түсті)

Тоқылған шоппер сөмке де болады

Сырға

Алқа

Жұқа орамал

Егер аталған киімдер түрін, түсін дұрыс таңдаған болсаңыз, демек жазға дайынсыз . Жоғарыдағы киімдер бір-бірімен жүз пайыз үйлеседі. Не кием деген сұрақ сізді осы маусым бойы мазаламайтын болады.

– Қызықты әңгімеңізге көп рахмет!

Өзгелердің жаңалығы